ШұғылCOVID-19: Қазақстанда өткен тәулікте 800-ге жуық адамнан вирус анықталды

«Үкіметтен еш көмек берілмейді»: үшем мен егіз тәрбиелеп отырған ата-анамен сұхбат

Динара Ысқақова үшем мен егіз бағудың ерекшелігі жайында айтты

фото: Динара Ысқақованың жеке архивінен

Шымкенттік Берік Оңғарбекұлы мен жары Динара Ысқақова үшем қыз мен егіз ұл өсіріп отыр. Берік те, Динара да - құқық қорғау саласының қызметкерлері. Өмірге алдымен үшем, одан кейін егіз бала әкелген Динарамен Azattyq Rýhy тілшісі сұхбаттасты.

«БІРІ СЫРҚАТТАНСА  БӘРІ АУЫРЫП ҚАЛАДЫ»

Динара тұңғышы үшем болатынын естігенде бір жағынан таңғалса, екінші жағынан қатты қобалжығанын жасырмады.

«Алғаш үшемнің ата-анасы боласыздар дегенді естіген кезде таңғалып, шокта болдық. Бір шетінен тұңғыш рет ата-ана атанайық деп тұрмыз, ешқандай тәжірибе болмағандықтан қорықтық. Қыздарым дүниеге келгенше өмірімде үшем кездестірген емеспін. Оның үстіне үш қызымды жеті айға толмай, шала босандым. Әрине, бастапқыда қиын болды. Кейін балалар жүрген кезде жеңілдеді. Қыздарды бағуға әпкелерім көмектесті, егіз ұлды бағып-қағуға ата-енем қарайласты. Жасы 8-ге толған үшем қыздардың есімі – Фариза, Айзере, Аделя. Жақында екіге толатын егіз ұлдың аты - Алияр және Альтаир. Ұл балаға қарағанда қыз балалар пысық болып келеді екен (күліп). Ұлдарымның біреуі бұзық, екіншісі жуас», - деді Динара.

Кейіпкеріміздің айтуынша, балалардың бірі сырқаттанып қалса, қалғаны да міндетті түрде ауырады.

«Үшем қыздардың бірі ауырса, біраз уақыттан соң екіншісі, одан кейін үшіншісі ауырып қалады. Кейде бәрі жазылғанда, біріншісі қайтадан ауырып қалатын сәттер болып жатады. Балалар ауырғанда жұмыстан сұрануға тура келеді. Кейде осыны түсінбей, «Осыныкы бітпейтін демалыс» деп сынаушылар да табылады. Шындығына келгенде ол менің еркелігім емес, жағдай солай мәжбүрлейді», - деді ол.

ҮШЕМ МЕН ЕГІЗ БАҒУДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Динара карантин кезінде онлайн оқытуда үшемнің анасы болғаны көп көмектескенін айтты.

«Үшем мен егіз тәрбиелеудің пайдасы - балабақшаға, мектепке бірге барады, сабағын бірге оқиды. Әр бала әр сыныпта емес, бір сыныпта, бір бағдарламамен оқиды, үй тапсырмасын да бірге орындайды (күліп). Әсіресе, пандемия кезінде үшеуі қатар отырып сабақ оқыды, үй жұмысын жасады. Қыздардың дене бітімі, мінезі, талғамы бір-біріне ұқсамайды. Уақыт өте келе әрқайсының мінезі әртүрлі болып өзгеріп жатыр. Біреуі кішкентай кезінде пысық болса, енді бірі өсе келе ашылуда. Балабақшада да, мектепте де мұғалімдер оларды еш қиындықсыз ажырата алады. Мемлекет тарапынан үшем мен егізге арнайы көмек көрсетілмейді. Көпбалалы отбасы ретінде ай сайын жәрдемақы аламыз. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың тобына жатпайтындықтан, мектепте тегін тамақ берілмейді», - деді Динара Ысқақова.

ОТБАСЫМЕН ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДА ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Ерлі-зайыпты Динара мен Берік 2010 жылдан бері құқық қорғау саласында қызмет етеді. Жұбайлар бір-бірін сонау бала кезінен таниды. Сондай-ақ кеіпкеріміз отбасында үшем мен егіздің дүниеге келуі екі әулетке де қатысы болуы мүмкін екенін айтады.

«Отбасында екі құқық қорғау қызметкері болғанның артықшылығы көп. Себебі, бір-біріміздің жұмыс режимін, қызмет барысындағы қиындықтар мен кедергілерді толықтай түсініп отырамыз. Мен алғашқыда жедел басқару орталығында жұмыс істедім. 2005 жылы сержант, 2013 жылы офицер атандым. Кейін бала күтіміне байланысты демалыс кезінде штат саны қысқарып, қазір күйеуім қызмет ететін әл-Фараби аудандық полиция басқармасына жасөспірімдер инспекторы болып ауыстым. Берік - учаскелік полиция инспекторы. Менің әпкелерім де құқық қорғау саласында қызмет етеді. Күйеуімнің Ішкі істер органдарына жұмысқа орналасуына себепкер болған жанның бірі - әкесі Айтуғанов Оңғарбек Мүсілімұлы. Ол кішкентайынан әкесіне ұқсап баққысы келген. Полиция майоры болып зейнетке шыққан атамыз 60 жасқа толды», - деді ол.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан