Петропавлда 8-сынып оқушысы «ақылды урна» ойлап тапты

Оларды мектепте, кеңседе, тіпті далада орнатуға болады

Петропавлда 8-сынып оқушысы «ақылды урна» ойлап тапты

Петропавл қаласында мектеп оқушысы тұрмыстық қалдықтарды тастауға арналған «ақылды урна» жасап шығарды. Адам жақындағанда қондырғының қақпағы өздігінен ашылып, қоқыс толып бара жатқан жағдайда коммуналдық компанияға белгі береді.

Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 8 сынып оқушысы Арман Нұрышевтың «ақылды қоқыс жәшігін» жасап шығуына қоқыс контейнерлері маңында үнемі шашылып жататын түрлі тұрмыстық қалдықтар себеп болған.

«Қоқыс жәшіктерін көрген кезде, олардың бетін жауып қойса дұрыс болар еді деген ой келеді. Біз жасаған урна адам жақындаған кезде ультрадыбыстық сенсор көмегімен ашылады. Ол арнайы қуат көзіне жалғанған. Жәшік неұрлым үлкен болса, энергияны соғырлұм көбірек қажет етеді. Қоқысты салған соң, қайта жабылады. Ештеңені ұстаудың, ашып-жабудың қажеті жоқ. Өте ыңғайлы. Идеяны жүзеге асыру үшін бір апта бойы сызба жасадық. Аккумулятор, ультрадыбыстық датчиктерді орнату қажет болды. Барлық детальдарды жинап, мақсатымызды жүзеге асырдық», - дейді жас өнертапқыш.

Бір қарағанда қоқыс жәшігінің еш ерекшелігі жоқ. Жоба авторының айтуынша, қоқыс жәшігін жасау үшін пластик пайдалану көзделген. Оларды мектепте, кеңседе, тіпті далада орнатуға болады.

«Біз урнаның толып бара жатқандығын қадағалайтын жүйе орнатпақпыз. Ол үшін арнайы модуль жасау керек. Барлығын мобильдік қосымша арқылы қадағалап отыруға болады. Бұл жұмысшылар мен коммуналдық қызмет өкілдерінің уақытын үнемдеуге көмектеседі. Олар қоқысты арнайы сигнал бойынша, қажет кезде ғана алып кетеді. «Ақылды урна» бағдарламасын Арман өзі жасап шығарды», - дейді жобаның жетекшісі Виталий Мельников.

Жоба авторлары «ақылды урнаны» шынайы өмірде қолданысқа енгізуді армандайды. Алайда, әзірге оған пандемия қолбайлау болып тұр.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.