ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте КВИ жұқтырғандар саны күрт өсті

Үшем бағу оңай ма: Арай, Айша және Алуаның анасымен сұхбат

Елімізде соңғы жылдары егіздердің қатары көбейді

Сурет: Салтанат Уәлиеваның жеке архивінен

Қазақстан дүниеге егіз бала әкелу көрсеткіші бойынша әлемде 48-орында екен. Былтыр егіз бала тапқан аналардың саны 2019 жылмен салыстырғанда біршама жоғарылаған. Дәрігерлердің айтуынша, әйел неғұрлым көп бала дүниеге әкелген сайын оның егіз табуға деген мүмкіндігі жоғыралайды. Қазақстанда егіз тапқан аналардың орташа жасы – көбіне 35-39 аралығы.

Қазақстанда өмірге тек егіз емес, үшем, төртем әкелетін аналар да жетерлік. Жақында ғана Маңғыстау облысында 25 жастағы жас ана өмірге төртем әкелді. Осы ретте Azattyq Ruhy тілшісі өмірге үшем (немесе төртем) әкелу, оларды бағып-қағу, тәрбиелеп өсіру, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау бойынша көпбалалы ана Салтанат Уәлиевамен әңгімелесті.

Салтанат Уәлиева – Петропавл қаласының тұрғыны, мемлекеттік қызметші, өмірге Арай, Айша және Алуа есімді үшем әкелген ана.  

«ҮШЕМ ЕКЕНІН ЕСТІГЕНДЕ, ЖАСЫМДЫ ТЫЯ АЛМАДЫМ»

Ғалымдардың айтуынша, үшем 6-7 мың жүктіліктің тек біреуінде ғана кездеседі. Дәл осындай сирек құбылыстың өзінде кездескенін алғаш естігенде Салтанат қатты қобалжығаннан көз жасын тыя алмаған. Жас ана ол кезде 28 жаста болған және өмірге үшем әкелгенге дейін Мәди есімді ұлы болған.

«Қыздарымның аты Арай, Айша, Алуа. Қазір 6 жаста. Үшемдерге дейін Мәди есімді ұлым болды. Қазір оның жасы 11-де, қыздармен арасы 5 жыл. Үшем екенін алғаш рет УЗИ-ге түскенде білдім. Ол кездегі сезімімді мүлде айтып жеткізе алмаймын. Басында қатты есеңгіреп қалдым. Тіпті, отырып жылағаным есімде. Бір жағынан қуансам, екінші жағынан қатты қорықтым. Миыма бірден «оларды қалай босанамын, қалай асырап бағамын деген сұрақ келді. Біреу емес, екеу емес, үш сәбиді дүниеге әкелу қалай болады деп уайымдадым. Бірақ, жолдасым сабырға шақырып, бұл бір ғажайып жағдай екенін айтып, уайымға салынбай, барынша денсаулығымды күтуді айтты. Осылайша, жақындарымның үлкен қолдауының арқасында 2014 жылдың 3 шілде күні мен үш қызымды дүниеге әкелдім», - дейді Салтанат.

Әдетте үшем және төртемге аяғы ауыр әйелдердің жүктілік мерзімі күрделі өтеді екен. Десе де, барлық қиындыққа қарамастан, Салтанат өмірге дені сау үш аруды әкелген.

«Жүктілік мерзімі ауыр өтті. Тез шаршап қала беретінмін. Үнемі ұйқыға тартып, төсектен тұрмай жата бергім келді. Одан бөлек, арқамның ауырғанынан көп отыра алмайтынмын. Босанғанша ұйқым дұрыс болмады, күніне 1-2 сағат қана ұйықтап жүрдім. Толғақ мерзімі жақындағанда перзентханаға барып, дәрігерлердің толық бақылауында болдым. Босану барысында аса бір қиындық болмады. Қыздарым дүниеге жетіліп, дені сау болып келді», - дейді ол.

Петропавлдық анаға мемлекет тарапынан қажетті көмек көрсетілген. Арнайы жәрдемақымен қоса үшемге сыйлықтар да берілген. Тіпті, аяқасты көпбалалы отбасы атанып шыға келген бұл отбасы көп ұзамай баспаналы да болған. Бірақ, Салтанат көмектен бұрын қыздарының дүниеге аман-есен келгеніне қуанатынын жасырмады.

«Мемлекет тарапынан заң бойынша көрсетілуге тиіс көмек пен жәрдемақыны алдым. СҚО әкімшілігінен үшемге арналған арнайы колясканы да алдық. Өзім мемлекеттік қызметкермін. Жұмыс орнымнан да қаржылай көмек көрсетілді. Үшемге дейін пәтер кезегінде тұрған едік. Сол кезегіміз біршама жылжып, баспаналы болдық. Қазір екі бөлмелі үйде тұрып жатырмыз», - дейді Салтанат

«ҚЫЗДАРДЫ МІНЕЗІ АРҚЫЛЫ ҒАНА АЖЫРАТАМЫЗ»

Арай, Айша, Алуа есімді үшем бір-біріне қатты ұқсайды. Оларды өте жақын танитын адам болмаса, басқалары үшін ажырату өте қиын. Қазір даярлық сыныбында оқитын қыздардың достары мен құрбылары өте көп. Айналамен тез тіл табысады екен.

«Қыздарым бір-біріне өте қатты ұқсайды. Бірақ, мінезі әртүрлі. Өзіміз ажыратқанмен, басқа достары, балабақшадағы тәрбиеші, мұғалімдері ажырата алмайды. Біз олардың бет пішіні мен дауысынан, мінезінен айырамыз. Бірінші қызым Арай белсенді, дауысы зор, айтқанын істетпей қоймайды. Ал, Айшаның мінезі кішкене ауырлау, киімге қатты қызығады, әшекейге көп назар аударады, сәнқой болып өсіп келеді. Үшіншісі - Алуа екеуіне қарағанда сабырлы, өте мейірімді. Бәріне көмектесіп, қолғабыс болып жүреді. Қыздарымызды осылай ажыратамыз.

Үшеуінің ұйқысы бірдей (ұйықтаған кезде). Шыны керек, ол кезде ажырату өте қиын. Қай қыз кім екенін оянған соң ғана білеміз (күліп). Қыздар қазір мектепке, даярлық топқа барады. Сурет салғанды, әдемі киінгенді ұнатады. Үшеуінің де сабақ үлгерімі өте жақсы. Тез үйреніп, тез жаттайды. Елдің назары үшеуіне бірден түседі. Қызығып, тамсанып қарайтындар көп. Достары мен құрбылары өте жақсы қабылдайды», - дейді анасы.

«ӘР БАЛАНЫҢ ӨЗ НЕСІБЕСІ БАР»

Салтанат дүниеге үшем әкелгеннен соң өмірі тек жақсы жаққа өзгергенін айтады. Үшем – бұл біздің әулетте алғаш рет болған құбылыс. Өмір болған соң, әр бала ауырады. Салтанат та қыздарының бірі сырқаттанып қалса, бәрі кезекпен ауырып шығатынын айтты.

«Үшеуі бір-біріне өте жақын. Мысалы, біреуі суық тиіп ауырып қалса, екеуі бірден сезеді. Бір-біріне деген қамқорлығын көріп, өзіміз тәнті боламыз. Ауырса үстіне көрпе жауып, тамағын әкеліп, асты-үстіне түсіп жүреді. Бір қиыны, бірі сырқаттанса көп ұзамай екіншісі, үшіншісі де  ауырып қалады. Және біреуі үйде қалып, екі қыз мектепке кетсе, сабақ біткенше бір-бірін сағынып, көруге асығып тұрады. Өздері құрбыларша әңгімесін айтады, жаңалығымен бөліседі. Үнемі бірге жүреді. Кішкентай кездерінде киім, ойыншық алғанда таласып қалатын. Қандай зат алсақ та, бірдей қылып алуға тырыстынбыз. Қазір өскен сайын қызғушылығы өзгеріп келеді. Әрқайсысы өз талғамына сай киінгенді жақсы көреді», - деді Салтанат.

Оның айтуынша, күйеуі екеуінің әулетінде де үшемдер болмағанымен, қыздардың нағашы жағында бірнеше егіз бар.

Жалпы, менің жолдасымның әулетінде мүлдем егіз болмаған. Ал, төркініме келсек, үлкен ағамның егіз балалары бар. Нағашыларым жағынан да егіздер болды. Бірақ, әулетімізде тұңғыш рет үшем келіп отыр. Қазақта «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген сөз бар ғой. Аллаға шүкір, үш қызым да өз несібесімен өсіп келеді. Бір айтарым, екеу болсын, үшеу болсын еш қорықпау керек», - дейді кейіпкеріміз.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан