$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.11.2019, 11:11
Кейіпкер

Қашпақ болған үш әйелді «діннен безгендер» деп дарға асты - Сириядан оралған Ақмарал

«Онда шариғат деген мүлдем жоқ. Біз жанды тауар едік», - дейді жазасын өтеуші

Ақтөбенің тумасы Ақмарал 2013 жылы күйеуі мен 3 баласын тастап, «шариғат заңымен өмір сүретін мемлекет іздеп» Шам еліне аттанады. Сирияда 2 рет күйеуге шығады. 6 жылға созылған аласапыранның соңы Петропавл түрмесімен аяқталды. Ақмарал терроризм бабы бойынша бас бостандығынан айрылған. Келіншектің Сирияда дүниеге келген екі сәбиі қазір жетімдер үйінде. Кеш те болса, ол өзінің қателескенін түсінгендей. Бар ойы бостандыққа шығып, балаларының жанында болу. Azattyq Rýhy тілшісі темір тордың ар жағында отырған Ақмаралмен сұхбаттасқан еді.

- Ақмарал, Сирияға қалай бардыңыз? Ол жақта өміріңіздің неше жылы өтті?

- Сирияға 2013 жылы кеттім, 6 жыл өмір сүрдім. Қазақстанда отбасым, 3 балам болды. Күйеуіммен 9 жыл некеде тұрдық. 2009 жылы ислам дінін қабылдадым. Бастапқыда имамдарды тыңдап, мешітке барып жүрдім. Күйеуім де мені қолдап, намаз оқуды бастады. Бәрі жақсы еді. Одан кейін интернеттен білім іздедім, тыйым салынған кітаптарды оқуға көштім. Желі арқылы «біз адам ойлап тапқан заңдармен емес, шариғат бойынша өмір сүруіміз керек» деген шақырулар түсе бастады. Бұл дін емес, соқыр сенім, жат идеология еді. Оны қазір түсініп жатырмын.Теріс уағыздарға сеніп, өз отбасымды жек көре бастадым. Намаз оқымайтын адамдармен бір дастархан басына отырмайтынмын. Күйеуіммен жиі жанжалдасып қалатын болдық. Балаларды мектептегі оқуынан шығарып алғым келді. Сол үшін ата-енеммен де тіл табысудан қалдым. Сол себепті Сирияға кетіп, «Алланың заңдарымен» өмір сүруге бел будым. Олар бізге «имансыздардың» арасында жүруге болмайтынын, Шам еліне көшпесек, қиямет күні ақталмайтынымызды айтты. Балаларды өзіммен бірге алып кетуді ұйғардым. Күйеуім бұл әрекетіме үзілді-кесілді қарсы болды. Шынын айтсам, қайда бара жатқанымды іштей білдім, сондықтан бастапқы ойымнан айнып, балаларымды тастап кеттім. Күйеуіммен ажырасып, бірінші Түркияға бардым. Шекарада белгісіз адамдар қарсы алып, Сирияда өздерінің әмірлері отыратын жерге апарды. Қарсы алған адам күйеуге шығуға ұсыныс білдірді, бір ай ойланып келістім.

- Оның сізден басқа әйелдері болды ма?

Иа, мені екінші әйелі етіп алды.

- Өз сөзіңізде «Сирияда не болатынын білдім, сондықтан балаларымды тастап кеттім» дедіңіз. Сонда Сирия жайында не білдіңіз?

Онда соғыс болып, әуеден шабуыл жасалып жатқанынан  хабардар едім.  Бәріне моральдық тұрғыдан дайын болдым.

- Интернеттен уағыз тыңдап, түрлі әдебиеттер оқығаныңызды да айтып отырсыз. Ондай кітаптарды таңдауға кім кеңес берді?

- Мухаммад  Абдуль-Уахабтың жолын таңдадым. Араб тілінен аударылған кітаптарын оқыдым. Айтқандарына ердім. Абдуль-Уахабтың «Китаб ат-Таухид» кітабын оқыдым. Содан кейін менің дінге деген көзқарасым мүлде өзгерді. Туыстарымның барлығын, тіпті күйеуімді де Құдайдан безгендер қатарына қостым. «Шархсунна» деп аталатын сайты бар еді. Монитордың ар жағындағы адамдармен үнемі байланыста болдық. Қандай кітаптар оқыған дұрыс болатыны жайында ақыл-кеңес беріп тұрды. Олардың айтқанын бұлжытпай орындадым. Бұл әрекетімнің фанатизм болғанына енді ғана көзім жетті. Қазір барлық мұсылмандар, жастар ислам жайлы дұрыс білім алса екен деймін. Мен бір кездері сәләфиттік бағытты ұстандым. Осының кесірінен өмірімнің күл-талқаны шықты. Отбасымнан, балаларымнан айрылдым. Туыстарымнан теріс айналдым, олар да мені енді керек қылмайды.

- Тұрмысқа шыққаннан кейін Сириядағы өміріңіз қалай өрбіді?

- Бастапқыда жеке үйлерде тұрдық. Қаржы жағынан тапшылық болған жоқ. 2015-2016 жылы қалаларды, жергілікті тұрғындарды, мектептерді бомбалау басталды. О жақтан кету қиынның қиыны еді. Жолды жергілікті тұрғындар ғана біледі. Олар артық ақпарат айтуға қорқатын. Жоғары жақтағылар білсе, олардың басын алады. Ер адам, әйел адам деп қарап жатпайды.

- Сіз ол жақта қандай да бір қызмет еттіңіз бе? Басты міндетіңіз не еді?

- Мен күйеуіме қызмет еттім. Ол соғысқа жиі кететін. Өте сирек, тіпті айлап көріспейтінбіз. 2015 жылы ол адам қолынан қаза тапты. Менің аяғым ауыр еді. Бала туған соң, тағы да тұрмысқа  шықтым. Ол жақта күйеуі жоқ әйелдерді адам қатарына қоспайды, қолдан-қолға өтіп жүреді. Қайтадан жүкті болып қалдым. Екінші күйеуім де соғыста мерт болды. Осыдан кейін ойлана бастадым. Олар өздерін мұсылман санайды. Алайда, біреудің мүлкін иеленіп, адам өлтіреді. Адамдарды халықтың көзінше жазалайды. Қазақстандық үш әйел қашып кеткісі келген екен. Оларды «діннен безгендер» деп дарға асты. Осыдан кейін олардың әрекеті жайында ойланып, өз-өзіме сұрақ қоя бастадым. Көкейімдегі сауалдардың жауабын іздедім.

- Өзіңіздің қателескеніңізді қай кезде және қалай түсіндіңіз?

- Онда мүлде шариғат жоқ. Олар ислам атын жамылған. Біз жанды тауар едік. Бұл олардың жоспарлы түрде жүзеге асырған жобасы. Олар әлемнің барлық түкпір-түкпірінен адамдарды шақырады. Мақсаты бәрінің көзін жойып, жер мен мұнайға иелік ету. ТМД елдерінен ғана емес, Еуропа, Африка, Индия, Сауд Арабиясынан келгендер де болды.

- Қазақстанға қалай келдіңіз?

- Мен қашып кеттім. Біз 3 шақырымға созылып жатқан мина толы алқаптан өттік. Одан кейін күрдтерге дейін тағы 25 шақырым жүрдік. Олар бізді лагерьге апаруы тиіс еді. Бір тәулік жүрдік. Күрдтерге жеткен соң, олар бізді босқындар лагеріне жіберді. Лагерьде туыстарыммен байланысқа шықтым. Олар мені жұбатқан болды. Кейін қауіпсіздік комитетіне хабар беріпті. Бірер айдан соң, арнайы қызмет өкілдері келіп, біздің аты-жөнімізді жазып алып, уақытша құжаттар берді. Қазақстан – Сирияда жүрген азаматтарын алып кеткен алғашқы мемлекет. Мен соңына дейін туған жерге жететініме сенбедім. Себебі кез келген уақытта Иракқа құлдыққа сатылып кетуіміз мүмкін еді. Ұшаққа отырған кезде ғана балаларым енді қауіпсіз жерде болатынын біліп, жаным тынышталды.

- Ата-анаңызды көрдіңіз бе?

Жоқ, әлі көрмедім...

- Көрсеңіз не істер едіңіз? Балаларыңыз тап қазір алдыңызда тұрса, не айтар едіңіз. Бұрынғы күйеуіңізге не айтар едіңіз?

- Біріншіден кешірім сұрайтын едім. Олар мені түсінеді деп үміттенемін. Жай ғана бір кездессем, кешірім сұрасам...

- Анаңыз сізді кешіреді деп ойлайсыз ба?

- Ана болған соң, кешірер. Күйеуімді әлі көрген жоқпын. Ол жаңадан отбасын құрды. Басқа өмір бастады. Екеуміз бір-бірімізді мектеп жасынан білеміз. Бір шаңырақ астында аз уақыт тұрған жоқпыз. Ол барлық жағынан маған қолдау көрсететін, балаларымызды бірге тәрбиеледік. Мен бақытты болдым. Бәріне өзім кінәлімін. Отбасымның ойранын шығардым. Ол соңғы сәтке дейін мені ешқайда кетпеуге көндірмек болды. Оны тыңдамадым...

- Сұхбаттасқан Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары