$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.11.2019, 10:51
Кейіпкер

Сириядан оралған жігіт анасынан кешірім сұрап, ағыл-тегіл жылады

«Жусан» операциясы аясында былтыр елге оралған атыраулық жігіт 8 жылға Петропавл түрмесіне қамалды

Azattyq Rýhy-на сұхбат беруге келіскен Еділ 22 жасында Қазақстаннан Мысырға оқуға аттанған. Сәләфизим ағымының жетегінде кеткен жас жігіт екі жылдан кейін Сирия аумағына өтеді. Ол жерде 5 жыл сордырлар қатарында соғысады. 9 ай Күрдістан абақтысында қамауда отырып шыққан. «Жусан» операциясы аясында былтыр елге оралған Атырау облысының тумасы 8 жылға  Петропавл түрмесіне қамалды. Жалындаған жастықтың ең албырт кезеңі мен денсаулығын ланкестердің ылаңына сарп еткен жігіт өзегін өртеген өкінішімен бөліседі. Еділдің ендігі арманы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бағып-қаққан анасын бір көріп, өмірінің астан-кестеңін шығарған қателігі үшін кешірім сұрау. Ол өзін дүниеге әкелген жанның алдында айыбын өтей алмайтынын айтып, ағыл-тегіл жылады.

2012 жылы атыраулық Еділ діни білім алу мақсатында Египетке аттанады. Екі жыл араб тілін меңгереді. Оқып жүріп, салафизмге бет бұрып, жат ағымның жетегінде кеткенін өзі де аңдамай қалады.

«Салафизмді қабылдған сәттен бастап қиналдым. Жат ағымның басында тұрған адамдар «ниетке» шақырады. Дін үшін соғысып, өлтіру керек екенін айтты. Соңында олардың сөзіне еріп, кетіп қалғанымды байқамай қалдым. Жасым небәрі 22-де еді. Сирияда жарақат алдым. Бомбаның жарықшағы басыма, қолыма тиді. Соның кесірінен көзімнің көруі нашарлады. Басым ауырып, әлі күнге дейін мазамды алады», - дейді ол. 

Еділ өткенін жасырмады. Еңсесі түскен жігіттің даусында өзіне деген сенімсіздік басым. Бір кездері әскери дайындықтан өтіп, қолына қару алып, соғысқа шыққанын елестету тіпті қиын.

«Шайқас болған кезде қаруды атпасаң, өлесің. Немесе артыңда келе жатқан адамдар соғыспағаның үшін саған оқ жаудырады. Сондай шарасыз күйде боласың. Оларға қарсы шықсаң, өзіңді өлтіруі мүмкін. Басында «Аллаһ үшін соғысасың, жәннәтқа түсесің, қиыншылықтардан арыласың» деп сендірді. Араб тілін білгендіктен, өздігімнен Құранды оқи бастадым. Олардың әрекеті шариғатқа сай келмейтініне көзім жетті. Шеттен келген жігіттерді соғысқа жіберіп, өздері ақша жинап отырады. Қарсы шықсаң, өлтіреді. Ішерге тамақ болмайды. Сондықтан олардың айтқанын істеп, айдауына көнуге тура келеді», - дейді ол.  

Еділ бір жыл соғысып, қалған уақытта медициналық қызмет саласында жұмыс істегенін айтты. Сирияда екі баласы бар әйелге үйленіп, отбасылы болған. Отау құрғасын өзінің екі сәбиі дүниеге келеді. Ақыл-есі кем балдызын да қамқорлығына алады. Сирияда күнде жарақат алып, адамдардың жан тапсыруы – үйреншікті көрініске айналған. Осы жағдай қазақстандық жігітті қатты ойландыра бастаған. Ол енді өзі үшін емес, балалары мен әйелі үшін үрейленетін еді.

«Бойдақ болсаң, жағдай басқа. Сириядан отбасыңды алып шығу қиын. Бір жыл бойы кетудің амалын қарастырып жүрдім. Ақысын берсең, Түркияның шекарасына асыратын адамды таптым. Жан басына мың доллардан төледім. Күндердің күнінде ол ұсталып қалды. Ақшамен бірге жоқ қылып жіберді оны. Біраз уақыт өткен соң, екінші адамды таптым. Оның бағасы әр адамға 2 мың доллардан еді. Әйелім мен балдызым, 4 бала және өзім үшін 15 мың доллар төледім. Біз Түркия шекарасынан 180 шақырымдай жерде тұрдық. Алда қаншама кедергіні еңсеру керек болды. Жол бойында жауынгерлер тұрады. Мина орнатылған алқаптар бар. Жолдың өзі ойдым-ойдым», - деп есіне алады Еділ.

Қазақстандық жігіт осылайша орайын тауып, туған еліне жетеді. Ол Маңғыстау топырағына табаны тиген сәттегі сезімін айтып жеткізе алмайды. Өйткені Еділ Сириядағы соғыста тірі қалатынына сенімді емес еді.

«Жарақаттанғандарды көргенде «менің де әйелім мен балаларым осылай жатар ма екен» деп үрейленетінмін. Елге аман-есен келемін деп ойламадым.  Бізді Күрдістанда ұстап алғанына қуанамын. Өйткені қашып кетпек болғандардың қаншасы өлді, балаларынан айрылды. Бала-шағам аман-есен елге оралғанына қуаныштымын», - дейді жазасын өтеуші.

Ол Мысырға ілім іздеп барған еді. Алайда білімсіздіктің кесірінен салафиттік ағымның жетегінде кетіп, Сирияға тап болды. Енді ол өзі сынды жастар қателеспесе екен, діни білімді жат ағымдардан емес, мешіттен іздесе екен деген тілегі бар. Еділ Сирияда көрген қиындықтардан кейін темір тордың ар жағында отырғанның өзіне шүкіршілік етеді. Тек шешесінің алдында өзін кінәлі сезінеді. 

«Анамды 7 жыл көрмедім. Ол жас емес. Петропавлға келіп, менімен көрісуге жағдайы жоқ. Қартайған шағында шешеме қызмет етудің орнына бәрі керісінше болып қалды. Арасында маған ақша жіберіп тұрады. Тезірек аман-есен шықсам...», - деген Еділ ішкі толқынысын жасыра алмады.

Оның ендігі арманы бостандыққа шығып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бағып-қаққан анасын бір көріп, өмірінің астан-кестенін шығарған қателігі үшін кешірім сұрау. Ол өзін дүниеге әкелген жанның алдында айыбын өтей алмайтынын айтып, ағыл-тегіл жылады.

Сұхбаттасқан Эльмира Мәмбетқызы, Петропавл

Серіктес жаңалықтары