5 мың доллар тұратын киік мүйізі, браконьерлермен күрес және инспекторлардың өлімі туралы

«Охотзоопром» инспекторы Достай Балғабекұлымен сұхбат

5 мың доллар тұратын киік мүйізі, браконьерлермен күрес және инспекторлардың өлімі туралы

Бүгінгі кейіпкеріміз Достай адамзат өзі мекендеп отырған табиғатты шамасы жеткенше қорғауы тиіс деп санайды. 8 жылдан бері браконьерлермен күресіп келе жатқан инспектор осы саланы саналы түрде таңдағанын айтады.

Достай Балғабекұлы 2016 жылы браконьерлерді тұтқындау барысында мойнынан пышақ жарақатын алып, бір өлімнен аман қалады. Тіпті, бірнеше әріптесі қаскөйлердің қолынан қаза тапқан. Алайда, инспектор айлығының аздығына, кәсібінде кездесетін түрлі қауіпке қарамастан, саласына адал болып қала берген.

Azattyq Rýhy тілшісі 23 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында үздік инспекторларға, орманшыларға және табиғатты қорғауға атсалысып жүрген белсенді азаматтарға орман шаруашылығы мен жануарлар әлемін сақтау саласындағы еңбегі үшін берілетін «Елім-ай» сыйлығын иеленген Достай Балғабекұлымен табиғатты қорғаушыларының жай-күйі, браконьерлер мен киіктерге жасалып жатқан қиянат, қазақстандықтардың экологиялық мәдениеті туралы әңгімелескен еді.

15 күн инспектор болса, 15 күн ғылыммен айналысады

- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология факультетінің «ихтиология» мамандығын тәмамдадым. Жасым 58-де. 2012 жылдан бері «Охотзоопром» компаниясында инспектор болып қызмет атқарамын. Бір қызым бар, сол қыздан жиен немере сүйдім. Табиғат аясында жүрген қатты ұнайды. Сол себепті инспектор болуды таңдадым. Осы жылдар аралығында басқа қызмет іздеу туралы ой болған емес. Жануарларды бақылап, табиғатты қорғауға қосып жатқан үлесім үшін ешқашан өкінген емеспін. Он бес күн далада жүріп, он бес күнгі демалысымда ғылыми жұмыспен айналысамын, инновациялық жобаларым бар. Балық түрлерін көбейтуге негізделген патентімізді қорғадық. Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан көмек болып жатса, жүзеге асырғымыз келетін түрлі жобамыз бар.

Қызмет барысында алған жарақаты туралы

- 2016 жылдың 30 қарашасында қасымдағы серіктесім екеуміз екі экипаж болып тексеріске шықтық. Бірінші экипажда Аяухан Тұңғышбаев және Ерлан Әбдірахманов болды, екінші экипажда мен және Сергей Тулупов болатын. Тексеріс барысында бәріміз жан-жаққа тарап, айналаны толық шарлап өтеміз. Сол күнгі серігім екеуміз Жезқазғанға қарасты Үшқағыл деген елсіз мекенде алыстан келе жатқан екі мотоциклді байқап қалдық. Содан олардың жақындағанын күтіп, тасаға жасырындық. Сосын жақындағанда алдынан шығып тоқтаттық. Төрт адам екен, бірақ олар тоқтатқанымызға бағынбай, қаша жөнелді. Бірінші мотоциклдің алдына үш бас киік тиеп алған, қолдарында қаруы болды. Ал екінші мотоциклде екі бас киік бар екен. Қашу қиын болғандықтан атып алған «олжасын» лақтырды. Сол кезде бірі мотоциклден құлады. Мен жалма-жан құлаған қылмыскерді тұтқындамаққа ұмтылып, қасына жақындай бергенімде, екіншісі ту сыртымнан келіп мойныма пышақ салды. Солай алысып жатқанымызда, пышақпен қолымды жарақаттап, қашып кетті. Абырой болғанда, браконьерлерді қуып бара жатып, рациямен серіктестеріме хабарлап үлгерген едім. Соның арқасында басқа әріптестерім оларды қуып жетіп, сол күні төртеуін де құқық қорғау органдарына тапсырып, мені ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер дер кезінде ем қолданып, бір өлімнен аман қалдым. Негізі, мұндай жағдайлар жиі болып тұрады. Бұған дейін біраз жыл бірлесе қызмет еткен әріптесім Ерлан Нұрғалиев қызмет барысында мерт болды. Одан кейін Қаныш деген жігітті атып кетті. Мұндай оқиғалардың біразы болды, қылмыс жасап жүрген қарулы адамдар оңай беріле салмайды, барынша қарсыласады. Қазір киіктің мүйізі қара сатылымда өте қымбат болғандықтан, браконьерлердің көбі оның мүйізін сатып, ақша табуға ұмтылады.

Инспекторлардың жағдайы туралы

- Барлауға шыққанда оқ өткізбейтін кеудеше мен каска киеміз. Тиесілі қаруымыз, арнайы техникалар мен рациямыз бар. Біздің салада техникалық жабдықтар бар болғанымен, айлық аз. Инспекторлар 60-70 мыңнан көп айлық алмайды, іссапар төлемін қосқанда шамамен 100 мың теңгедей шығады. Оның өзі жұмыс тәжірибесіне, еңбек өтіліне қатысты беріледі. Жұмысын жаңадан бастап жатқан жас жігіттердің табысы өте төмен. «Инспекторлар браконьерлермен сыбайлас болады екен» деген әңгімені жиі естимін. Бірақ жеке тәжірибемде ондай адамдарды кездестірген емеспін. Жалпы, инспекторлардың қылмыстық топпен байланыста болғаны туралы естігенмін, бірақ мұндай жағдай өте сирек.

Инспектор болып қызмет атқару үшін де білім керек. Бізде толтыратын қағаз саны жетерлік. Инспекторлық қызмет ететін жас жігіттер арнайы милиция мектебі курсынан өтіп, қорғану, қаруды қолданудың жолдары сияқты сабақ алады. Әрине, осы саланың мамандары ғана жұмыс істей алады.

Киік мүйізінің нарықтағы бағасы

- Естуімше, бір келі мүйіз 5 мың доллар тұрады. Орташа есеппен, бір киіктің мүйізі 600-700 грамм, сонда үш киіктен 2 келі мүйіз алуға болады. Мүйізі қағылған жануарлардың өлі денесін құқық қорғау қызметкерлеріне өткіземіз, сосын олар сараптама жасайды. Осы жерде бір оқиға есіме түсіп отыр. Дәл сондай жұмыстардың бірінде Орал (БҚО – авт.) өңіріне қарасты Тайпақ деген жер бар. Сол тұста кешқұрым 70 бас өлі киік денесін таптық. Арнайы топты шақырып, өлекселерді жинап жатқан кезде біздің жүргенімізді байқамаған бір топ браконьер екі көлікпен құмның арасынан шыға келді. Күні бойы соларды қуып, ақыры ұстадық. 120 басқа жуық киік табылды. Бірін ұстап, қару-жарағын тәркілеп, арнайы органдарға өткіздік. Осыған ұқсас жағдайлар өте көп.

Инспекторлық жұмыстағы қызықты сәттер

- Жұмысымның жақсы жағы - әрдайым табиғат аясында боламыз. Әсіресе, әлемді әбігерге салған пандемия кезінде бәрі үйіне қамалып отырғанда, біз кең далада жүрдік. Қаладағы у-шудан бір сәт демалып, табиғаттың саф ауасын жұтып далада жүрген және жануарларды қорғаған – өте керемет сезім. Ауысымға шығарда алдын ала керек-жарағымыз бен тамағымызды әзірлеп, арасында ауыл тұрғындарынан қой сатып алып, соны азық етеміз. Романтика (күліп). Инспектор жігіттердің бәрі дерлік он саусағынан өнер тамған әмбебап жігіттер. Бәрі түзде қалай күнелтуді, қалай тамақ жасауды жақсы біледі.   

Браконьерлер аңға шыққанда, әсіресе киік аулағанда етін алмайды, тек мүйізін ғана кесіп алады. Денесін далаға тастай салады. Еш зияны жоқ жануарлардың қорлықпен мүйізін кесіп алып, өлген-өлмегеніне қарамастан лақтырып кеткеніне қарап жүрегің ауырады. Бұлай қорлағанша, бірден бауыздап өлтіргені жақсы еді деген ойға келесің. Мәселен, БҚО-да киік атқандарды ұстадық. Олар қаншама киікті қырып тастаған, тінту барысында 130-дай жануардың басын таптық. Алла жаратқан осындай жануарларды жауыздықпен өлтіретін адамдардың барына бас шайқайсың. Меніңше, қазір адамдар жануарлар арқылы табыс көзін тапқан сияқты. Кейде, халықтың тұрақты жұмысы мен табысы болса, мұндай әрекетке бармас па еді деген ой келеді....

Заңды күшейту браконьерлерге қатысты мәселені шеше ала ма?

- Қазір браконьерлік қылмысына қатысты заңды қатаңдатып жатыр. Заңды күшейту бір жағынан дұрыс болғанымен, оның екінші жағы да бар. Заң күшейсе, қылмыскерлер ұсталмас үшін инспекторларды аяусыз өлтіріп, ауыр қылмысқа барады. Оған осыған дейін болған  кісі өлімі дәлел. Сол себепті бұл мәселеге жан-жақты қараған дұрыс.

Мәселен, мен Ақмола облысында жұмыс істеймін. Ақмолада да табиғаты сұлу жерлер өте көп. Қорғалжын ауданына барсаңыз, құстардың түр-түрін көресіз. Қазақстанның жері кең, табиғаты да бай. Жан-жануарлардың неше түрін кездестіруге болады. Айтарым, біз көріп жүрген сұлу табиғатты біздің ұрпағымыз да көру керек. Табиғатты барынша аялау керек. Киелі, ерекше жануарлар құрып кетпесе екен деймін. Өзіміз тіршілік етіп отырған әлемді қорғау – болашақ ұрпақ алдындағы, Жер-Ана алдындағы біздің азаматтық борышымыз!

Жазып алған: Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.