«Шалабайлардың» қамқоршысы немесе шақалақтарға тегін киім тоқитын дәрігер-волонтер жайлы
Қазақстандық құрған нәрестелерге киім тоқумен айналысатын клуб әлемнің 130 қаласында бар
Ол – науқас баласын қалай аяққа тұрғызамын деп жанталасып жүрген ата-аналардың үмітін оятушы дәрігер ғана емес, жылдар бойы өз қолымен шала туған балаларға арнап тегін жылы киім тоқып, айналасын әрдайым мейірім мен қайырымдылыққа шақырушы волонтер.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Латиф Парпиев бала күнінен дәрігер болуды армандаған. Ол Қазақстандағы «28 петель» волонтерлік қозғалысының елордадағы клубының вице-президенті, онкологиялық ауруға ұшыраған балаларға көмек қолын созатын «Дари добро» клубының мүшесі.
«Мен балалар дәрігерімін және онкологпын. 2014 жылы халықаралық «28 петель» клубына дәрігер маман ретінде көмек көрсетуге шақырды. Клуб қатарындағы 40-қа жуық қыз-келіншектің шала туған нәрестелергеарнап жылуды жақсы сақтау үшін жүннен тоқылған киім тігетінін алғаш көргенде, ер адам ретінде аздап ыңғайсыздандым. Бірақ балаларға көмектесу үшін орталықта қалдым. Алғашқы 2-3 айда тек бақылаушы болып жүрдім. Кейін қыздар маған киім тоқитын құралдарды сыйға тартып, ақырындап тоқу үйрене бастадым. Қазір киім тоқу – күнделікті жұмысымның бір бөлшегі. Қолым бос кезде, автобуспен жұмысқа бара жатқан кезде рюкзагымнан біз бен жіп алып, нәрестелерге арнап ойыншық пен киім тоқимын. Кейбір жолаушылар ер адамның киім тоқып отырғанына таңдана қарайды. Әйелдер «Киім тоқығаннан қанша пайда табасың?» деп сұрайды. Мен «өзіме қажеттіні» деп қысқа ғана жауап беремін», - деді ол.
ТОҚЫМА КИІМНІҢ ПАЙДАСЫ ҚАНДАЙ?
Дәрігер Латифтің айтуынша, тоқыма киімдер – шала туған нәрестелерге дәрігерден кейінгі көмекшідей. Айы-күніне жетпей туған сәбилердің дене температураларының қалыпты болуына жүннен тоқылған киімдердің пайдасы зор екен.
«Шала туған балалардың тыныс алуы қиындау болады, миының даму деңгейі де баяу болғандықтан, жүннен тоқылған киімдер баланың демалуын жеңілдетіп, дене температурасының қалыпты деңгейде сақталуына септігін тигізеді. Яғни, тоқыма киімдер – шала туған балалардың дәрігер мен олар жататын құрылғыдан кейінгі көмекшісі», - дейді кейіпкеріміз.
Клубтың мақсаты – шала туған балалардың адам қатарына қосылуына септігін тигізу.
«Медицинада неонатолог деген мамандық бар. Ол жаңа туған баланың алғашқы 2-3 күнінде оның жалпы жағдайын бақылап, қарайды. Яғни, акушер-гинекологтың орнын алмастыратын, тек сәбиді қараушы маман. Біз сол шала туған балаларға мемлекеттен көрсетілетін тегін көмектерден бөлек, жүннен тоқылған киімдердің қолжетімді болуын қамтамасыз етеміз. Бұған дейін мұндай киімді дәрігерлердің өздері тоқитын немесе көшедегі әжейлерге тапсырыс беретін. Біздің қордың президенті Карла Нур «Неге мұндай іске адамдар ақылы түрде барады, еріктілер қайда?» деген оймен «28 петель» клубын құрған», - деді волонтер.
ВОЛОНТЕРЛЕР 6 ЖЫЛ ІШІНДЕ 180 МЫҢНАН АСА КИІМ ТОҚЫҒАН
«28 петель» клубы 2011 жылы Қазақстанда құрылған. 2014-2015 жылдардан бастап аталған клубқа әлемнің өзге де мемлекеттерінен волонтерлер қосыла бастаған.
«Қазір біздің қорда – Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Эстония, Латвия, Беларусь, Украина, Қырғызстан мемлекеттері бар. Аталған мемлекеттердің 130 қаласында клуб мүшелері тоқыма тоқумен айналысады. Клубымыздағы волонтерлер саны 2000-нан асады, олардың қатарында әйелдер де, ерлер де бар. Ең егде волонтеріміз 82 жаста, клубтың ең жас мүшесі 8-де. 2012 жылдан бері шамамен 180 мың өнім тоқылып, қалалардағы перинаталдық орталықтарға таратылды. Нұр-Сұлтандағы клубымызда 180-ге жуық волонтер бар. Көбіне кафе, мейрамханаларда жиналып, сенбі-жексенбі күндері киім тоқып, сол орталықта тапсырыс беріп отыруға мүмкіндігіміз бар. Бір топ адамның киім тоқып отырғанын көрген адамдар еріксіз қызығушылық танытады. Киімдердің кішкентай балақайларға тоқылып жатқанын біліп, қатарымызға қосылып, клубқа мүше болып енгендер бар», - деді ол.
Латиф волонтерлік адамға жаңа орта сыйлап қана қоймай, әлемді мейірім құтқаратынын сезіндіретінін жеткізді.
«Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанда волонтерлік деген ұғым аса тарай қоймаған еді. Қазір адамдар волонтер болуды өмір салттарына айналдырып жатыр. Бұл қуантарлық дүние. Біздің қатарымызда заңгер де, экономист те, суретші мен қарапайым зейнеткер де бар. Клуб мүшелері жұмыстан тыс уақытта да дос болып араласып, қажет кезде бір-бірімізге көмектесіп жатамыз. Егер шала туған сәбилерге көмек қолын созып, өмір сыйлағыңыз келсе, біздің қатарымызға қосылуға шақырамын», - деп аяқтады ол әңгімесін.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан