$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.10.2020, 15:30
Кейіпкер

Еріктіміз деп тақырға отырғызып кететін алаяқтар көбейді – Нүрия Сәдуақасова

«Біргеміз» ұлттық волонтерлер желісінің ресми өкілімен сұхбат

Еріктіміз деп тақырға отырғызып кететін алаяқтар көбейді – Нүрия Сәдуақасова

Әлем халқын әбігерге түсірген пандемия Қазақстандағы волонтерлер жылымен тұспа-тұс келді. Ал коронавирус әуресімен қиындыққа тап болған қарапайым жандарға волонтерлердің көмегі біршама пайдасын тигізді. Кіріспеден байқағандарыңыздай, бүгінгі кейіпкеріміз – волонтерлікті өмір салтына айналдырған Нүрия Сәдуақасова. Ол 16 жасынан еріктілер қатарына мүше болып, ірі жобаларды жүзеге асыруға атсалысқан белсенді. Елордадағы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда универсиетінің 5 курс студенті.

Azattyq Ruhy тілшісі волонтермен сұхбаттасып, оларға көрсетілетін қолдау мен осы саладағы көпшілікке беймәлім жәйттер жайында әңгімелескен еді.  

ЕРІКТІЛЕР ҚАТАРЫНА 16 ЖАСЫНДА ҚОСЫЛҒАН

Нүрия бүгінде волонтерліктен бөлек, саябақта әкімші қызметін атқарады.

«Волонтер болудағы басты мақсатым – қоршаған ортаға жылылық сыйлау. Бұл әрекетім өмір салтыма айналды. Қызметімді ешқашан жұмыс ретінде қабылдаған емеспін. Сабақтан бос уақытта «Жетісу» саябағында әкімші қызметін атқарамын. Қазір жеке жұмысым мен волонтерлікті қатар алып жүруге машықтандым. Кішкентайымнан ата-анам жиі айтатын «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген тәрбиемен өскендіктен, қарт кісілер мен кішкентай бүлдіршіндер жаныма жақын», - деді ол.

Нүрияның волонтерлік қызметі қарттар үйінен басталған.

«16 жасымда қарттар үйіне барып, қариялармен шай ішіп, әңгіме-дүкен құрдым. Сонда олардың көзіндегі мұң мен үміт менің бойымдағы мейірім мен қайырымдылық сезімін оятқандай қатты әсерлендім. Қарияларға тағы да келетінімді айтып едім, бірақ ол уәдемді орындай алмай, біраз қынжылдым. 2015 жылы Астана қаласына келдім. Осы жерде оқуға түсіп, жұмыс істей бастадым. Бүгінде өзім қызмет ететін «Жетісу» саябағында қарттар күніне орай концерттік бағдарлама ұйымдастырдым. Оларды терезеге телмірген күнделікті тіршілігінен бір сәтке болса да сергіту мақсатында жасаған шарам – волонтерлік қызметімдегі алғашқы қадам болатын», - дейді Нүрия.

«ЕРІКТІЛЕРДІҢ МӘРТЕБЕСІ КӨТЕРІЛДІ»

Нүрия – Ұлттық волонтерлік желідегі бастамашыл топтың өкілі. Қайырымдылық бағытындағы жобаларды жүзеге асырып, әлеуметтік бағдарламалар бойынша ұйым жұмысын үйлестірушісі. Айтуынша, осы жылды «Волонтер жылы» деп бекітілгелі еріктілердің мәртебесі өскен.

«Биыл Үкімет тарапынан жасалып жатқан үлкен жұмыстардың бірі – волонтер мәртебесін көтеру. Волонтер болғысы келетін жандардың қатары көбейіп жатыр. Біздің жұмысымызды БАҚ өкілдерінің көбірек насихаттауы ерікті болғысы келетіндер мен көмек беруге ниеттеніп хабарласатын кәсіпкерлердің санын өсірді Еріктілердің қатары көбейген сайын мұқтаж жандарға берілетін көмектің де көлемі артады», - деді ол.

СТУДЕНТТЕРГЕ САҒАТЫНА 1000 ТЕҢГЕДЕН ТӨЛЕНЕДІ

Нүрияның айтуынша, мемлекет тарапынан волонтерлікті қолдау үшін шағын гранттар мен студенттерді ынталандыру мақсатында арнайы сыйақылар тағайындалған.

«Биыл Үкімет тарапынан жас еріктілер тобын ынталандыру үшін елордадағы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қадағалауымен 300 мың теңгеден 172 грант бөлінді. Осы гранттар аясында волонтерлікті дамытудың жеті бағытына қажетті жобалар жүзеге асырылуда. Оның қатарында осы саланы бүге-шүгесіне дейін үйрететін, волонтерлік жөнінде түрлі ақпарат беретін тренинг пен онлайн сабақтар бар. Сондай-ақ студенттерді ынталандыру үшін арнайы сыйақылар бөлінді. Еріктілер қатарында жүрген студенттерге атқарған жұмысы үшін әр сағатына мың теңгеден ақша төленеді.

Ұлттық волонтерлік желінің құрамына 70 шақты ұйым кіреді. Бірнеше өңірде ұйым бар. Желінің басты орталығы Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Статистикамыз бойынша, төтенше жағдайлар кезінде бір мыңнан астам адамға азық-түлік жәшіктері жеткізілді. Одан бөлек, жағдайы төмен отбасылардың тізімдерін алып, өздері көмек көрсеткен шағын топтар да бар. Жалпы, осы бағытта волонтерлердің экономикаға қосқан үлкесі 9 млн-нан асады», - дейді ол.

«ЕРІКТІЛЕР АРАСЫНДА ДА АЛАЯҚТАР БАР»

Нүрия төтенше жағдай кезеңінде волонтерлер арасында да алаяқтар көбейгенін жасырмады.

«Онлайн форматқа көшкендіктен, волонтерлер арасында алаяқтық әрекеттер одан сайын көбейді. Мен өкілдік ететін бастамашыл топ балаларға қаржы жинау мәселесі бойынша көп жұмыс атқарады. Қолдау көрсетеді. Сол уақытта (ТЖ кезінде – авт.) туғанынан бойында ерекшелігі бар немесе қатерлі дертке шалдыққан бүлдіршіндердің ата-анасының жеке шотына жиі шабуыл жасалды. Алдап ақша сұрап алу сияқты жағдайлар белең алды. Бұл салада бұдан бөлек,  көптеген мәселе туындап тұр. Көмек көрсетемін деген адам саны көбейген сайын, оны өз пайдасына асырғысы келетіндердің де көбейгені өкінішті. Дегенмен, бұл мәселемен барынша күресіп келеміз», - дейді.

Сондай-ақ, кейіпкеріміз волонтерлік адамға жаңа орта сыйлап қана қоймай, басқа да адами қасиеттерге баулитынын айтты.

«Волонтерлік қызмет әр адамның жеке мінезі мен көзқарасының қалыптасуына септігі көп деп айтар едім. Себебі бұл жан-жақты болуға, ортаға тез бейімделуге, көпшілікпен тез тіл табысуға үйретеді. Өзіңді дамыту үшін тегін тәжірибе. Тағы бір пайдасы, жоғарыда айтылған гранттар, белгілі жеңілдіктер, ынталандыру сыйақылары. Ерікті болу - әркімнің өз қалауы. Жас ерекшелігіне, басқасына шектеу қоймадық. Кәмелет жасқа толмаған буыннан бастап егде жастағы кісілерге дейін айналысады. 18-ге толмаған еріктілерді міндетті түрде ата-анасының рұқсатымен, қолхатымен қабылдаймыз және оларды кеш батқанда үйіне жеткізіп, ата-анасына тапсыру міндетіміз. Волонтерліктің ортақ жүйесі жоқ, сіз өз достарыңызбен, туыстарыңызбен бірігіп те топ құра аласыз. Оған шектеу жоқ. Мысалы, бізде волонтерлердің бастамашыл тобы бар. Олар өз ортасынан қаражат шығарып, әртүрлі жаңдайдағы отбасыларға көмек береді. Ал, ресми тіркеуде тұратын топтарға түрлі қайырымдылық қорлары мен ұйымдар кіреді», - дейді студент.

Волонтердің айтуынша, көмекке мұқтаж отбасылардың алдыңғы қатарында жалғызбасты аналар мен көпбалалы отбасылар тұр.

«Жалпы, «көмектесемін» деушілерге қарағанда көмек сұрап жазатын адамдардың қатары өте көп. Оларды әлеуметтік жағдайы бойынша іріктеп, барынша қолдау көрсетеміз. Ондай жандардың көбі - жалғызбасты аналар мен көпбалалы отбасылар. Сондай-ақ мүгедектік топқа жататын балалардың қатары да көп. Өз басым карантин уақытында қаладан шалғайда, егістікке жақын жерлердегі бұзылғалы тұрған үйлерде тұратын жалғызбасты аналарды көп көрдім. Он шақты баласымен аядай ғана бөлмеде тұрып жатқан отбасылардың жағдайын көргенде, көзіңе еріксіз жас келеді. Одан бөлек, карантин кезінде табысынан айырылып, жағдайы төмендеген отбасыларға барынша қаржылай қолдау көрсетуге тырыстық», - деп аяқтады әңгімесін Нүрия.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары