Қазақтілді аудиторияға ағылшынша үйрету керек екенін Америкада жүргенде түсіндім – Диас Жорабеков
Үш мыңға жуық адамға тіл үйреткен танымал блогермен сұхбат
Бүгінгі кейіпкеріміз – ағылшын тілін қазақ тілінде үйрететін Диас Жорабеков. Диас қазір Алматы қаласы Suleyman Demirel атындағы колледжде ағылшын тілінде математика пәнінен сабақ береді. Сондай-ақ Instagram желісінде белсенді блогер.
«Ағылшын тіліне деген қызығушылығым бала күннен басталды» деген Диас есейген соң жаратылыстану ғылымдарын таңдаған.
«Жеті жасымнан бастап ағылшын тілін білуге талпындым. Бірақ,сол тілде сауатты түрде сөйлей алатын дәрежеге 15 жасымда жеттім. АҚШ-қа кеткенге дейін Тараздағы қазақ-түрік колледжін бітірдім. Шет тіліне деген қызығушылығымның артуына, білім жолын қуамын деп шешім қабылауыма білім ордасының тигізген әсері көп болды. Кейін колледжді тәмамдап, «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың Индиана штатынадағы Purdue университетіне математика мамандығы бойынша оқуға түстім. 2010-2014 жылдар аралығында сол жерде білім алып, маман ретінде қалыптастым. Бозбала болып барып, елге нақты мақсатпен оралдым (күліп). Жалпы, Америка менің өмірлік көзқарасымды өзгертіп, қашан да сапалы өмір сүруге мүмкіндік барына көзімді жеткізді», - дейді Диас.
«ҚАЗАҚТІЛДІ АЗАМАТТАРДЫҢ ІЗДЕНІСІ АЗ...»
Диас Америкада жүргенде қазақтілді аудиторияға ағылшын тілін үйрету керек екенін түсінген.
«Шетелде білім алып жүргенде байқағаным, «Болашақпен» оқуға түсетіндердің көбі – орыстілді азаматтар. Қазақтілді азаматтарды сирек кездестіресің. Бұл – ең алдымен, біздің қазақтілді азаматтарымыздың көп ақпараттан бейхабар екенін көрсетеді. Екіншіден, ізденістің аздығынан білім алуға болатын түрлі мүмкіндікті жіберіп алып жатқанының көрінісі. Сол сәтте «елге оралған соң қазақтілді аудиторияға бар білгенімді үйретемін, оның ішінде, ағылшын тілін үйретуге атсалысамын» деген шешімге келдім. Осылайша, алдымен Instagram желісінде жүйелі түрде блог жүргізуді бастадым. Азаматтардың ағылшын тіліне деген ынтасын оятатын марафондар ұйымдастырдым. Уақыт өте келе парақшама жазылып, «ағылшынга үйретіңізші» дейтін оқырман қатары көбейді. Сосын блог жүргізуді одан ары дамытып, ағылшын тілін қазақша үйрететін курс аштым. Бастаған ісім әлі жалғасып келеді. Шәкірттерім шетелге оқуға тапсырып, білім алуға мүмкіндік алып жатыр. Айтарым, талпынған адамға қашанда мүмкіндік болады. Көбі ақпарат білмегендіктен қорқақтайды», - дейді ол.
«ШӘКІРТТЕРІМ ОРЫСША СӨЗ ҚОЛДАНБАЙДЫ»
Курс өткізуші ағылшынды қазақша үйретудің еш қиындығы жоқ екенін, керісінше, ана тілінде оқу тәлімгер үшін тиімді және оңай болатынын айтады.
«Ағылшынды бірден қазақ тілінде үйренудің еш қиындығы жоқ. Тек қазақ тілінде ағылшынға негізделген қажетті ақпарат тапшы, сол жағын ғана өзіміз дайындаймыз. Қазір қазақ тілі мен орыс тілі қатар жүргендіктен, тілді түсіну жағынан мәселе туындамайды. Шәкірттеріме қоятын басты талабым – бірінші деңгейден кейін мүлде орысша сөздік қолданбау. Деңгейі бір сатыға жоғарылағаннан соң ғана ағылшынша сөздік қолданады. Солай ғана тілді тез үйреніп, түсінуге және сөздік қорды молайтуға болады», - дейді маман.
Оның айтуынша, бүгінде ағылшын тілін қазақша үйрену курсына жазылып, тіл білуге ұмтылатындар саны көбейіп жатыр. Курсқа қатысушылардың дені студенттер мен мектеп оқушылары болғанымен, арасында орта жастағы жандар да баршылық.
Диастың ағылшын тілін үйретудегі басты ерекшелігі – дәрісті аптасына бірнеше рет емес, күн сайын өткізуі. Сол кезде адам жақсы әдет қалыптасырады екен.
«Ағылшындарда «Pocket book» деген сөз бар (Pocket – қалта, book – кітап) - қалтаға сыйып кететін шағын кітап. Әрдайым жаныңда жүретін, кез келген уақытта алып оқитын кітап. Менің курсым да дәл солай, өзіңе ыңғайлы уақытта дайындала аласың. Арнайы уақытыңды бөліп, шаруаңды ығыстырмайсың. Курс 30 күн қатарынан жүреді, сабақ күн сайын. Оқушыларды белгілі бір уақытқа жинамаймыз. 30 күн қатарынан оқыған адамда әдет қалыптасады. Күнде қайталағандықтан, мінез түзеледі. Курс басталардың алдында оқушылардың барлығы тест тапсырады. Деңгейін анықтап, арнайы топтарға бөлеміз. Оқушылар бір айда кемінде 15-тен аса грамматиканы үйренеді. Тәжірибе жұмыстарын жасайды. Сабақ оқушы жалықпайтындай түрлі форматта өтеді. Ән айту, ойын сияқты түрлі жаттығу жасатып отырамын. Курстың негізгі бағыты – ағылшын тілін білу деңгейін бір сатыға көтеру. Ай соңында оқушыларым бастапқы деңгейіне қарағанда біршама жоғары білім алып шығады. Осы уақытқа дейін менің курсыма қатысып, тіл үйреніп шыққандар саны үш мыңға жуықтады. Қазақтілді оқырмандардың ағылшын тілін білуге деген талпынысы күннен-күнге жақсарып келеді», - деді ол.
ОНЛАЙН КУРСТЫҢ ТИІМДІЛІГІ
Диастың курсы онлайн форматта өтеді. Сондай-ақ, әрбір қатысушыға курс барысында жеке куратор тағайындалады.
«Онлайн курстың басты тиімділігі – уақытқа тәуелді болмау. Сабақ кез келген уақытта қолжетімді. Барлық лекция WhatsApp мессенджері арқылы жүзеге асады. Онлайн курс - Алматы сияқты кептелісі көп мегаполис тұрғындары үшін де, алыс ауылдағы оқушылар үшін де ыңғайлы. Біздің курстың тағы бір ерекшелігі -–әрбір оқушыға жеке куратор беріледі. Кураторлар оқушылардың үй жұмысын тексеріп, сұраққа жауап беріп, түсінбеген жері бойынша қосымша мәлімет береді», - дейді мұғалім.
АҒЫЛШЫН ТІЛІН 4 АЙДА МЕҢГЕРУГЕ БОЛАДЫ
Маманның сөзінше, ағылшыннан белгілі бір деңгейде хабары бар адамға тілді жоғары деңгейде меңгеру үшін төрт ай жеткілікті. Сондай-ақ ол тілді тез меңгерудің әдісімен бөлісті.
«Күніне 15-20 минут уақытты тіл үйренуге жұмсау керек. Өзіңіз жиі қолданатын тұмыстық заттарға ағылшынша атауын жазып немесе жабыстырып қою қажет. Сол арқылы сөз жаттап үйренесіз. Музыка, сериал, тіпті ағылшын тілінде көп жарнама көрген жөн. Басында түсінбегенмен, уақыт өте құлағыңыз үйреніп, сөздерді анық естуге мүмкіндік туады. Тіл үйрене бастағаннан ұялы телефонның қызмет көрсету жүйесін ағылшын тіліне ауыстыру керек. Бұл тілді тезірек меңгеруге көмектеседі», - дейді маман.
Маман ағылшын тілінің ережесін толық меңгергенмен, кейіннен ұмытып қаламын деушілерге сол тілде жиі фильм көруге шақырды.
«Шетелге оқуға түсудің басты жолы - IELTS және Duolingo тестін тапсыру. Негізі, оқуға түсудің жолы көп. Бірақ бізде қазақтілді азаматтардың көбі ізденбейді. Мен де кезінде қандай бағдарламамен оқуға түсетінімді білмей дал болдым. Өйткені, қажетті ақпараттан бейхабармын. Сондықтан парақшамда пайдасы тиестін түрлі бағдарламалармен бөлісіп, білмейтіндер үшін жол сілтеп отыруға тырысамын. Айтар кеңесім - «Болашақ» бағдарламасымен оқуға тапсырыңыздар. Себебі, әрбір Қазақстан азаматы бағдарламаның артықшылығын пайдаланғаны дұрыс. Мемлекет қомақты қаражат жұмсап, білім алуға мүмкіндік жасап отырғанда, оны пайдаланбай қалу ақымақтық сияқты», - дейді Диас.
Әңгіме соңында Диас ағылшын тілін меңгеруді қалайтын жандармен өз кеңесін бөлісті.
«Ағылшын тілі - миллиардтардың тілі. Әлемнің жетіден бірі осы тілде сөйлейді. Біз сияқты көзімізді ашқаннан екі тілде оқып, екі тілде түсінетін жандар үшін ағылшын тілін үйрену қиын емес. Қазір қайда барсаң да, тіл үйрететін курстар мен марафондар толып жатыр. Бар керегі – ынта және мақсат. Сол үшін тәуекелге барып, тіл үйренуді бастаңыз. Біз өз дәрежемізде сіздерге бағыт-бағдар көрсетіп, көмектесуге әзірміз», - деп аяқтады сөзін.
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан