Новости спорта, футбол, КПЛ

Қазақ журналисінің мақаласы New York Times басылымының басты бетіне шықты

Ол зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар туралы ұжымдық зерттеу мақаласына атсалысқан

Қазақ журналисінің мақаласы New York Times басылымының басты бетіне шықты

Қазақстандық тележүргізуші, журналист Ақсәуле Әлжанның әріптестері Гаррет Зеролф және Дэниел Лемпреспен бірге жазған зерттеу мақаласы New York Times газетінің 7 тамыздағы санында жарық көрді. Пандемияға байланысты енгізілген карантин кезінде зорлық зомбылыққа ұшырап, көмекке зәру болған балалалар туралы материалмен А. Әлжан Facebook-парақшасында бөлісіп, қуанышын жеткізді.

«Қуанышым қойныма сыймай тұр! Әріптестерім Гаррет Зеролф пен Дэниел Лемпреспен бірігіп жасаған репортажымыз New York Times басылымының бірінші бетінде жарық көрді. Пандемия кезінде зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалардың жағдайын бірнеше айдан бері зерттегенбіз. Көп еңбектендік, үйренгенім одан да көп, алғысым шексіз», - деп жазды ол.

Мақала Fund for Investigative Journalism қорының қолдауымен, Калифорниядағы Беркли университетінің жоғарғы журналистика мектебімен бірлескен жоба ретінде жарық көрген.

А. Әлжан биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша сол Беркли университетінің жоғарғы журналистика мектебін тәмамдаған. Ол оқуымен қатар, сондағы The Investigative Reporting Program ұйымында қосымша жұмыс істеген. Өзінің айтуынша, бірлескен жобаны (зерттеу мақала – авт.) 2020 жылдың сәуірінде бастаған. Мақаланың бірлескен авторы Гаррет Зеролф – The Investigative Reporting Program журналисі. Анасы өзінің жігітімен бірге өлімші етіп ұрып-соққандықтан ауруханада қайтыс болған 8 жасар калифорниялық Габриэль Фернандес туралы Г. Зеролфтың репортажы Netflix-тің «The Trials of Gabriel Fernandez» деректі фильмдер циклына негіз болған.

New York Times-та бүгін шыққан мақалада үйде балаларға жасалған зорлық-зомбылық әрекеттеріне байланысты түскен қоңыраулар мен өтініштердің қараусыз немесе кейінгі қалдырылып жатқаны жайлы оқиғалар айтылады. Оған себеп – Калифорниядағы шұғыл көмектесуге тиіс балаларды қорғау қызметі өкілдерінің көбі пандемия әсерінен үйден жұмыс істеп, міндетін толық атқара алмайды. Көбі еңбек демалысына шығып кеткен. Оның үстіне, карантин дағдарысында жұмысынан айырылып, басқа да себептермен күйзелісте жүрген ата-ананың қасында балалардың болуы қауіпті одан сайын күшейтеді. Авторлар түрлі дереккөздерден алынған мәліметтер мен кейіпкерлер арқылы балаларды қорғайтын әлеуметтік жұмысшылардың да проблемасын көтеріп, сондай-ақ Калифорнияда балаларға қарсы зорлық-зомбылық үлкен мәселе екенін көрсеткен.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.