$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.07.2020, 16:49
Кейіпкер

ШҚО түрмесінде жазасын өтеп жатқан Вадим мен Татьяна некелесті

Татьяна некелесу рәсімінде өзі тіккен көйлекті киді

ШҚО түрмесінде жазасын өтеп жатқан Вадим мен Татьяна некелесті
Фото: polisia.kz

Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ОВ-156/16 мекемесінде неке қию рәсімі өтті. Жазасын өтеуші Татьяна мен сотталған Вадим өзара келісіммен қоныс колониясының қабырғасында некесін қидырды.

Татьяна 2018 жылы сотталып, үш жылға бас бостандығынан айырылған. Ал Вадим екі жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп жатыр.

Бұған дейін мекеме қызметкерлері Татьянаның өтініші бойынша оған ажырасу туралы куәлік алуға көмектесті. Ол бұрынғы күйеуімен ажырасу туралы куәлігін 14 жыл жүріп ала алмаған екен.

Мекеме қызметкерлері Татьянаға таңертеңгі тексеруден кейін отрядқа оралып, некелесу рәсіміне дайындалуға рұқсат еткен. Шашын сәндеуге құрбылары көмектесті. Жақында мекемеде макияж және шаш үлгісі бойынша онлайн оқыту курстары өткізілген екен.

Ал Вадимнің қолында қалыңдыққа арналған гүл шоғы бар. Гүл шоғын колонияда жазасын өтеп жатқан ер адамдар ұйымдастырған. Семей қаласының АХАЖ қызметкері мекеменің мәжіліс залында салтанатты түрде неке қию іс-шарасын өткізді. Жаңадан некесін қиған ерлі-зайыптыларды колония қызметкерлері құттықтады.

«Осыдан бір жыл бұрын Вадим колонияға келгенде таныстық. Ажырасқаннан кейінгі 14 жыл үзілістен соң қайтадан махаббатымды таптым, бұл маған өмірдің барлық қиындығын жеңуге және бізді дұрыс бағытқа бағыттауға көмектеседі. Мен мұндай мекемеде тұрмысқа шығамын деп ешқашан ойламаппын. Ол маған мамыр айында ұсыныс жасады. Мен үшін бұл керемет болды», – дейді Татьяна.

Вадим басқа облыста тұрады және шілде айының соңында бостандыққа шығады. Татьяна әлі бір жыл жазасын өтейді. Алайда, Вадим сүйіктісі үшін Ақтөбе қаласынан Семей қаласына көшіп келуге, сүйіктісін мүмкіндігінше жиі көріп тұру үшін осында (Семей – ред.) жұмысқа тұруға дайын. Оның айтуынша, ата-анасы оның таңдауына қарсы емес. Жастар бостандыққа шыққан соң дүркіретіп үйлену тойын өткізуді жоспарлап отыр.

«Қоныс колониясында жазасын өтеп жатқандар белгілі бір шектеулерге қарамастан толыққанды отбасын құрып, жазасын өтеп, өмір жолын реттеуге, балаларды дұрыс тәрбиелеуге мүмкіндігі бар. Біз жастардың жаза мерзімін бұзбай өтеп, бостандыққа шығып, өмірден лайықты орнын табуын тілейміз», – дейді ШҚО бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Ғалымжан Балтабаев.

Серіктес жаңалықтары