Қазақтың «дрон қызы»: елдегі алғашқы PhD иегері Зарина Құтпанова Қазақстанның өз дронын жасап шығаруды армандайды

Ғалым отандық дрондарды жасап шығармақ

Қазақтың «дрон қызы»: елдегі алғашқы PhD иегері Зарина Құтпанова Қазақстанның өз дронын жасап шығаруды армандайды
Фото: жеке мұрағат

Қазақстанда дрон технологиясын ғылыми деңгейде дамытып жүрген санаулы мамандардың бірі – Зарина Құтпанова. Ел ішінде оны «қазақтың дрон қызы» деп атап кеткен. Бұл атау бекер емес. Себебі ол тек ғылыми зерттеумен ғана шектелмей, ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды оқыту, дамыту және оларды нақты өндіріс пен өмірге енгізу бағытында жүйелі жұмыс істеп келеді. Azattyq Rýhy тілшісі Британияда білімін тереңдетіп жүрген Зарина Құтпановадан экслюзив сұхбат алған еді.

Заринаның ғылымға келуі бала күнгі қызығушылығынан басталған. Техникаға жақын болып өскен ол уақыт өте келе бұл бағытты кәсіби деңгейде игере бастаған. Ғылымға үңіле келе, Зарина дрон тақырыбын зерттеп, еліміздегі алғашқы PhD дәрежесін алған мамандардың біріне айналды.

«Дронды меңгеру маған бастапқыда өте қиын болды. Себебі сұрап, кеңес алатын адам болмады. Қалай жұмыс істейтінін, қалай ұшыру керектігін түсіндіретін маман тапшы еді», – дейді ғалым.

Ізденіс оны шетелге жетеледі. Ол Үндістан мен Түркияда болып, тәжірибе жинақтап, білімін тереңдетті. Әсіресе Үндістандағы кезең оның ғылыми қалыптасуында ерекше рөл атқарған.

«Докторантура кезінде Үндістанға барып, сол жерде алғаш рет дронды өзім жинап, бағдарламасын жазып, ұшырдым. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды», – дейді ол.

Бүгінде Зарина Құтпанова Астанадағы жоғары оқу орындарының бірінде аға оқытушы болып қызмет атқарады. Ол тек дәріс оқумен шектелмей, арнайы клуб ашып, студенттерге дрон басқаруды тегін үйретіп жүр. Шәкірттерімен бірге түрлі жобалар жасап, халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған. Ғалымның айтуынша, дронды басқару да жауапкершілікті талап етеді. Бұл үшін арнайы рұқсат пен куәлік қажет.

«Әуе кеңістігін қолдану үшін міндетті түрде куәлік керек. Қазақстанда ол үш категорияға бөлінеді: біріншісі – жеке қолдануға арналған, екіншісі – кәсіби қызметке, ал үшіншісі – ауыр ұшқышсыз аппараттарға қатысты», – дейді ол.

Қазір Қазақстанда ондаған компания дрондарды шетелден әкеліп, сатумен ғана айналысады. Ал Зарина Құтпанова бұл бағытты өзгертуді көздейді. Оның басты мақсаты — отандық дрон өндірісін дамытып, Қазақстанның өз дронын жасап шығаруды армандайды.

«Қазір біз дронның бөлшектерін шетелден алдырып, өзіміз құрастырып жүрміз. Болашақта толықтай отандық өнім шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл – біздің елдің болашағы үшін маңызды», – дейді ол.

Ғалым дрондардың мүмкіндігі өте кең екенін атап өтті. Әсіресе ауыл шаруашылығында тиімділігі жоғары.

«Мысалы, бір дрон бір сағаттың ішінде 20 гектардан астам жерді өңдей алады. Бұл – үлкен техниканы алмастыра алатын жаңа технология», – дейді маман.

Оның айтуынша, дрондар тек ауыл шаруашылығында ғана емес, энергетика, өндіріс, төтенше жағдайлар саласында да кеңінен қолданылуы тиіс. Сондықтан ол жастарды осы бағытқа баулып, тек басқаруды емес, оны тиімді пайдалануды да үйретіп жүр. Қазіргі таңда білімін одан әрі жетілдіру үшін Ұлыбританияда ғылыми тағылымдамадан өтіп жатыр. Ол University of Leeds базасында зерттеу жүргізіп, дрон технологиясының жаңа бағыттарын меңгеруде.

«Қазір Ұлыбританияда тағылымдамадан өтіп жатырмын. Негізгі тақырыбым – дрондарда қолданылатын сенсорлар мен олардың өзара байланысы, телекоммуникациясы», – дейді ол.

Бұл мүмкіндік оған оңайлықпен келген жоқ. Зарина «Болашақ» бағдарламасына екінші рет қатысып барып қана жолдама алған.

«Былтыр өтпей қалдым. Бірақ биыл бар күшімді салып, жақсы дайындалдым. Ғалымдардың еңбектерін зерттеп, өзіме қажет бағытты нақтылап барып келдім», – дейді жас зерттеуші.

Тағылымдама барысында ол халықаралық ғылыми ортаға белсенді араласып үлгерген. Қысқа уақыт ішінде бірнеше конференцияға қатысып, тәжірибе алмасып жүр. Ғалым үшін шетелде оқу – жеке жетістік емес, елге пайда әкелудің бір жолы. Оның айтуынша, дамыған мемлекеттердің технологиясын Қазақстанға енгізу – басты міндеттердің бірі.

«Біз тек тұтынушы болмай, технологияны өзіміз жасай алатын деңгейге жетуіміз керек. Балаларға соны көрсету маңызды», – дейді Зарина.

Ол бұл бағытта нақты жобалармен жұмыс істеп келеді. Университетте студенттерге арналған клубтар, курстар мен практикалық сабақтар ұйымдастырып, дрон технологиясын кеңінен насихаттауда. Сонымен қатар жастар арасында дрон жарыстарын өткізіп, олардың қызығушылығын арттыруға күш салып жүр.

«Біз мини-дрондармен жарыс ұйымдастырамыз. Мұндағы мақсат – балалардың технологияны өз қолымен жасап көруіне мүмкіндік беру», – дейді ол.

Соңғы жылдары оның бастамасымен ұйымдастырылған робототехника жарыстары да ауқымын кеңейткен. Қатысушылар саны жыл сайын артып, жоба халықаралық деңгейге шыға бастаған.

«Алғашқы жылы 50 адам қатысса, кейін 500-ден асты. Биыл 1200-ден астам қатысушы жиналды. Тіпті шетелден де командалар келді. Алдағы жоспары да ауқымды. Келесі жылы қатысушылар санын 10 мыңға жеткізсек деген мақсат бар. Жүлде қорын да ұлғайтқымыз келеді », – дейді ғалым.

Зарина Құтпанова үшін ең бастысы – жастардың мүмкіндігін ашу. Ол дронды тек технология емес, болашақтың құралы ретінде қарастырады.

«Дрон – жай ғана құрылғы емес. Бұл – болашақтың технологиясы. Біз оны дұрыс бағытта қолданып үйренуіміз керек», – дейді ол.

Қазақтың «дрон қызы» атанған ғалымның еңбегі – еліміздегі жаңа технологиялардың дамуына қосылған маңызды үлес. Оның зерттеулері мен бастамалары Қазақстанда дрон индустриясын жаңа деңгейге көтеруге негіз болмақ.