$ 509.94  593.88  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Оқушылардың мінез-құлқы мен азаматтық құндылықтарын дамыту: Алматы мұғалімдерінің ұстанымы қандай

Қалада оқушылар тәрбиесі басты назарда болып отыр

Оқушылардың мінез-құлқы мен азаматтық құндылықтарын дамыту: Алматы мұғалімдерінің ұстанымы қандай
Фото: gov.kz

Алматы қаласының білім беру саласында соңғы уақытта көтеріліп отырған мәселелерді жан-жақты талқылау, қауіпсіздік шараларын күшейту және оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыру бойынша алқа отырысы өтті. Қаладағы мектептердің жағдайы, оқушылардың әл-ауқаты мен білім сапасын жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар осы басқосуда кеңінен сөз болды, деп жазады Azattyq Ryhy.

Жиын барысында білім беру мекемелерінде заңдылықты сақтау, оқушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ мектептердің инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғырту мәселелері кеңінен талқыланды.

Оқушылар тәрбиесі – басты назарда

Сонымен қатар профилактикалық жұмыстардың тиімділігі, сыныптардағы тәрбиелік бағыттағы іс-шаралардың деңгейі, мұғалімдер мен психологтардың өзара әрекеттесу сапасы арнайы талдауға алынды. Өртке қарсы талаптардың орындалуы, санитарлық-гигиеналық жағдай, асханалар мен спорт залдарының жай-күйі, балалардың денсаулығына әсер ететін факторлар да сарапталды.

Тексеру нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктердің себептері мен оларды жою жолдары ұсынылып, мектеп әкімшіліктерінен түсініктемелер алынды. Жиынға қатысушылар бұл мәселелерді жүйелі түрде шешпейінше, қаладағы білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеру мүмкін емес екенін атап өтіп, ведомствоаралық үйлесімді жұмыстың маңыздылығын алға тартты.

Білім беру сапасын сыртқы бағалау нәтижелері де қарастырылып, оқушылардың үлгерімі, мектептердің материалдық-техникалық базасының жай-күйі, педагог кадрлардың жүктемесі және олардың кәсіби дайындығы талданды.

Отырыста оқушылардың мінез-құлқы, тәртіп мәдениеті және азаматтық құндылықтарын қалыптастыру мәселесі ерекше назарға алынды.

«Мектеп тек білім беретін орын емес, ол тұлға тәрбиелейтін, баланың болашақ өмірлік бағытын айқындайтын маңызды әлеуметтік институт. Сондықтан жасөспірімдердің жауапкершілігі, қоршаған ортаға деген қарым-қатынасы, тәртібі мен мәдениеті білім беру жүйесінің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Мемлекет балалардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдайды жасап отыр. Біз үшін бастысы қабылданып жатқан бағдарламалардың балалардың дамуына нақты әсер етуі. Мұғалімдер үлкен жауапкершілік арқалайды, сондықтан әр педагог қызметіне сын көзбен қарап, туындайтын кез келген мәселені жедел шешуі тиіс», - деді әкім орынбасары Абзал Нүкенов.

Қауіпті мінез-құлықтың алдын алу, буллингпен күрес

Жасөспірімдер арасындағы қауіпті мінез-құлықтың, буллинг пен кибербуллингтің, агрессивті әрекеттердің алдын алу мәселесі кең көлемде қарастырылды. Бұл бағытта педагог-психологтардың рөлі ерекше екені атап өтілді. Психологиялық қызметтің тиімділігін арттыру, балалардың эмоционалдық жағдайын бақылау, ата-аналармен бірлескен жұмыс жүргізу негізгі міндеттердің бірі.

Басым бағыттар ретінде қаржылық тәртіпті сақтау, мемлекеттік сатып алулардағы ашықтық, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, білім беру мекемелерінде қауіпсіз орта қалыптастыру міндеттері айқындалды. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйелерін жаңарту, мектеп аумағына кіру тәртібін күшейту, күзет қызметінің жұмысын жетілдіру мәселелері көтерілді.

Абзал Нүкенов балалардың сыни ойлау қабілетін дамыту, ақпаратты талдай білу дағдыларын қалыптастыру және идеологиялық әрі моральдық құндылықтарды нығайту қажеттілігін ерекше атап өтті. Ол «Адал Азамат» бағдарламасының оқушыларды адалдыққа, жауапкершілікке, қоғамға қызмет етуге тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын айтты.

Тәрбиедегі ата-ананың рөлі

Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов балалар тәрбиесінде ата-аналардың белсенді қатысуы аса маңызды екенін тағы бір мәрте еске салды.

«Бала отбасында не көрсе, соған айналады. Мектеп тәрбие береді, бағыт көрсетеді, бірақ ата-ананың орнын ешбір мемлекеттік құрылым баса алмайды. Отбасы мен мектептің бірлескен жұмысы ғана саналы, білімді, мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Отырыс соңында білім беру процесінің сапасын арттыру, ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайту, мектептердегі қауіпсіздік деңгейін көтеру және оқушылар үшін жайлы орта қалыптастыруға бағытталған нақты іс-шараларды қамтитын қарар қабылданды. Бұл шешімдер қаладағы білім беру жүйесінің дамуына жан-жақты әсер етіп, Алматының республикадағы жетекші білім орталығы ретіндегі мәртебесін сақтауға бағытталмақ.

Осы орайда Алматыдағы өскелең ұрпақты кітап оқуға баулып, патриоттықты арттырып жүрген ұстаздардың бірінен пікірін сұрап білдік.

Алматы қаласы Алатау ауданындағы №204 жалпы білім беретін мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлназ Шәми білім беру саласына тың идеяларымен келіп, оқушыларды білім нәрімен сусындатуды өзінің басты мақсатына айналдырған жас ұстаз.

Ол телефонға тәуелді жас буынға смартфонсыз уақыт өткізудің ерекше жолын ұсынып, кітап оқуды қайта жандандырудың креативті тетігін тапқан.

«Жамбыл облысы, Шу ауданы, Бөлтірік ауылында дүниеге келдім. Бала кезімнен ұстаз болуды армандадым, өйткені отбасымызда білімге, оқуға деген құрмет жоғары болды. Сол себепті мектепті аяқтаған соң армандаған оқу орным – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне түстім. 2022 жылы ҚазҰУ-ды үздік бітіріп, қолыма қызыл диплом алған сәт – мен үшін үлкен жетістік әрі жауапкершілік жүктеген кезең болды.Оқуды тәмамдағаннан кейін Алматы қаласы, Алатау ауданындағы №204 жалпы білім беретін мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Осы мектепке келген алғашқы күннен бастап оқушылармен тез тіл табысып, өзімді нағыз ұстаз ретінде сезіне бастадым. Қазір «Гүлназ апай» атанып жүргеніме төртінші жыл. Бұл атау – мен үшін ең үлкен марапат. Өйткені оқушылардың сенімі мен құрметі –әрбір мұғалімнің басты мотивациясы.Бүгінде балаларға тек пәнді үйретіп қана қоймай, олардың тұлға болып қалыптасуына, сөйлеу мәдениетінің, әдебиетке деген қызығушылығының артуына үлес қосу – менің басты міндетім. Ұстаздық жолының қиындықтары да, қуанышы да көп, бірақ осы мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін», – дейді жас маман.

Гүлназ өзін мұғалімдер әулетінен шыққанын мақтанышпен айтады.

«Анам қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, әпкем информатика мұғалімі. Отбасымызда ұстаздар өте көп. Кішкентайымнан анамның сабаққа қалай дайындалатынын көріп өстім. Інілеріме үй тапсырмасын орындату арқылы мұғалімдік туралы алғашқы түсінігімді қалыптастырдым. Шынымен, біздің үйдің әр бұрышында сабаққа дайындықтың лебі есіп тұратын: бір жерде анам жаңа тақырыптың жоспарын жасап отырса, екінші жерде әпкем компьютер алдында оқу бағдарламасын дайындайтын. Сол ортаға үйреніп өскендіктен, ұстаздық мен үшін таңдау емес, табиғи жолмен қалыптасқан өмір салтына айналды. Оқушылардың жетістігі туралы әңгімелерді естіп, анамның қуанышына куә болған сайын, осы мамандықтың қадірін бала кезімнен сезіндім. Сабағын түсінбей қиналып отырған інімнің көзіне қарап, оған түсінікті етіп жеткізуге тырысқан сәттерімнің өзі мен үшін үлкен тәжірибе болды. Сол шағын «үйдегі сабақтардың» әрқайсысы мені болашақ ұстаз болуға дайындаған алғашқы қадамдар екеніне кейінірек көз жеткіздім», - дейді жас ұстаз.

Оның мектеп кезінен-ақ қазақ тілі мен әдебиетіне деген қызығушылығы ерекше байқалған.

Сабақ барысында шығармаларды талдауға, өлең жаттауға, көркем мәтінді мәнерлеп оқуға деген құлшынысы оны ұстаздары мен сыныптастарының арасынан бірден ерекшелендірді. Түрлі олимпиадалар, мәнерлеп оқу сайыстары, әдеби кештер бәрі оның болашақ жолына бағыт-бағдар берген маңызды баспалдақтарға айналды.

«Абайдың 150-ге жуық өлеңін жаттап шықтым. Әр шумақты жүрегіме жақын қабылдап, әр сөзінің астарына үңілген сайын әдебиетке деген махаббатым арта түсті. Мектепте жүріп-ақ облыстық «Абай оқуларында» 1-орын, республикалық олимпиададан 2-орын алу – мен үшін үлкен мәртебе әрі сенім болды. Сол жеңістер маған қанат бітірді. Өнер мен әдебиеттің адамды биіктерге жетелейтінін сол кезде терең түсіндім. Шамасы, дәл сол сәттен бастап болашақтағы жолымды анық таңдадым. Қазақ тілі мен әдебиеті – менің өмірлік бағытым болатынын жүрегіммен сездім», – дейді ол.

Студенттік жылдары Гүлназ тек білім алып қана қоймай, өз мамандығын ерте бастан тәжірибеде шыңдауға белсенді кіріседі. Университет қабырғасындағы алғашқы дәрістер, ұстаздардың тәлімі, педагогика мен психология пәндері оның болашақта қандай мұғалім болуды қалайтынын айқындай түсті. Ал мектептердегі педагогикалық практика оған нағыз кәсіби мектеп болды.

«Сабақ беруді студент кезімде-ақ бастадым. Бұл кезең мен үшін теорияны құр қағаз бетінде қалдырмай, оны шынайы ортада сынап көруге мүмкіндік берді. Қандай әдіс тиімді, оқушыны қалай қызықтыруға болады, бір сыныптың ішіндегі әр баланың мінезі мен қабылдау ерекшелігі қандай – осының бәрін сол кезде түсіне бастадым. Сабақты пайдалы әрі есте қаларлық етіп өткізу үшін түрлі әдіс-тәсілдерді зерттедім, үздік мұғалімдердің тәжірибесін талдадым, заманауи педагогикалық трендтерді меңгердім. Оқушылардың жүрегіне жол табу – жай ғана сабақ түсіндіру емес, ол үлкен жауапкершілік пен шынайы махаббатты талап ететін өнер екенін ұқтым. Студенттік практика кезінде жинаған тәжірибем кейін мектепке жұмысқа тұрған кезде өте үлкен көмек болды. Сол жылдар мені шынықтырып, нағыз ұстаздық жолға дайындады», – дейді ол.

Соңғы жылдары білім беру саласы қарқынды өзгерістерге ұшырап, жаңа платформалар мен инновациялық әдістер күн сайын енгізіліп келеді. Цифрландыру, заманауи педагогикалық технологиялар, интерактивті құралдар – мұның бәрі мұғалім жұмысына жаңа талаптар қойып отыр. Гүлназ осы жаңашылдықтарды құптайтын, өзгеріске дайын жас мамандардың қатарында.

«Ұстаздардың мәртебесі артып келеді. Кейс-платформаның енгізілуі бізге тың серпін берді. Бұл – өзара тәжірибе алмасатын, жаңа идеялар туындайтын, ұстазды шабыттандыратын орта. Мұғалім үнемі дамып отырғанда ғана оқушының пәнге қызығушылығы оянады. Жаңашылдықты жеткізе білген ұстаз – нағыз жетекші», – дейді ол.

Кейс-платформада Гүлназ өзінің мұғалімдікке келу тарихын, анасының оған көрсеткен ықпалын, педагогикалық философиясын, сынып жетекші ретіндегі ұстанымдарын, сондай-ақ жасанды интеллекттің қазіргі балаларға әсері жөніндегі көзқарасын баяндаған.

«5 минуттық баяндамаға не сыйғызуға болады? Қай ойым маңыздырақ, қайсысын қысқарту керек? Осы сұрақтармен ұзақ ойландым. Бірақ дәл осы қысқа уақытқа бәрін ықшамдап, ең маңызды нәрселерді сыйдыру – шығармашылық процесс болды», – дейді ол.

Гүлназдың ең ерекше әрі креативті бастамаларының бірі – «Гаджетсіз демалыс» жобасы. Цифрлық тәуелділік артып келе жатқан заманда бұл бастаманың мәні тіпті ерекше.

«Былтыр 9-сыныппен бастадық, биыл 5-сыныппен жалғастырып жатырмыз. Негізгі мақсат – телефонсыз, әлеуметтік желісіз, ойынсыз сапалы уақыт өткізу. Балалар алғашында қиналды, бірақ кейін бір-бірімен көбірек сөйлесіп, ойнап, талқылап, табиғатта серуендеп, әлдеқайда еркін бола бастады. Бұл – баланың эмоционалды дамуына да, сыныптағы ахуалға да положительный әсер етеді», – дейді жас мұғалім.

Гүлназдың айтуынша, гаджетсіз уақыт өткізудің жемісі өте жоғары: балалар бір-бірімен жақындай түседі, өмірлік дағдылар қалыптасады, шығармашылық қабілет ашылады.

Бұл бастама «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұсынылған жоба ретінде соңғы уақытта ерекше қолдау тауып отыр. Гүлназ үшін бұл тек гаджеттен бас тарту емес, балалардың бір-бірімен шынайы байланыс орнатуына мүмкіндік беретін маңызды қадам.

«Әр айдың бір сенбісін гаджетсіз өткізуге келістік. Бұл идеяны ата-аналар да үлкен қуанышпен қабылдады. Бірі телефонды үйде қалдырады, бірі толығымен өшіріп қояды. Сол кезде біз бір үстелдің басына жиналып, бірге кітап оқимыз, доп ойнаймыз, әңгімелесеміз, бірге тамақтанамыз – ең бастысы, шынайы қарым-қатынас орнайды. Балалар да, ата-аналар да бұл сәттердің қадірін түсіне бастады», – дейді Гүлназ.

Қазір сынып Б.Соқпақбаевтың «Ергежейлі еліне саяхат» шығармасын оқып жатыр. Алдағы гаджетсіз демалыста осы туындыны ортаға салып, еркін форматта талқылау жоспарланған. Бұл тек кітап талқылау емес, балалардың ойлау, талдау, пікір айту қабілеттерін дамытатын орта.

Гүлназдың айтуынша, оның оқушылары кез келген жаңа тапсырмаға ерекше қызығушылық танытады.
«5 “А” сыныбымның ата-аналары әр тоқсан сайын балаларға жаңа кітап сыйлап тұруға келісті. Бұл – тамаша дәстүрге айналып келеді. Сол кітаптарды гаджетсіз демалыс күндері бірге талдаймыз. Балалар бұл идеяны өте жақсы қабылдады, енді бір-бірімен пікір алмасуға асығып тұрады», – дейді жас ұстаз.

Жоба нәтижесі де айқын сезіледі.

«Балалар бір-біріне жақындай түсті, бұрын байқалмаған мінездері мен қабілеттері ашылды. Сыныптағы атмосфера жылы, сенімді, бір-бірін қолдайтын деңгейге жетті. Сынып жетекшісі үшін ұйымшыл, тату сынып көруден асқан бақыт жоқ», – дейді Гүлназ.

Өзі бала кезде ешкімнің мәжбүрлеуінсіз кітап оқуды жақсы көргенін айтады.

«Менің кітапқа құмарлығым ішкі ынтамнан туды. Сол себепті мен үшін ең үлкен мақсат – оқушылардың да ішкі мотивациясын ояту. Мәжбүрлеп оқыту – нәтиже бермейді. Ал қызықтырып, шабыттандыра алсаң – ол мүлде басқа әңгіме».

Сабақ барысында Гүлназ шығармаларды «спойлерсіз» оқыту тәсілін қолданады.
«Балалар не болатынын білу үшін өздері кітапқа жүгінеді. Кейде қызығып отырып, қалай тез оқып қойғандарын байқамай қалады», – дейді ол.

Мектептегі «Оқуға құштар мектеп» жобасы да, әріптестерімен бірге ұйымдастырып жүретін «Оқырмандар клубы» да балалардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға үлкен үлес қосып отыр.

«Біз шығармаларды бірге талқылаймыз. Кейде мұғалімдер қауымымен де оқырман клубын өткіземіз. Бір туындыны бірлесе талдау – ерекше энергия береді, адамдарды жақындастырады», – дейді Гүлназ.

Сонымен қатар ол шығармалар желісі бойынша түрлі quiz-дер ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған.

«Бұл тәсіл балалардың детальдарға назар аударуына, шығарманы тереңірек түсінуіне, әрі көңілді, бәсекелі ортада білімін шыңдауына көмектеседі», – дейді ол.

Жуырда қазақ тілі мен әдебиеті онкүндігі аясында өткізілген «Хәрри Поттер» тақырыбындағы викторинада оқушылар ерекше белсенділік танытып, қызығушылықпен қатысқан.
«Балалар келесі сайыстың қашан болатынын сұрап жүр. Мен үшін ең маңыздысы – олардың кітапқа ынтасының артуы», – дейді жас ұстаз.

Гүлназ Шәми ұстаздықты жүрек қалауы мен жан жылуын қажет ететін ерекше миссия деп біледі:

«Мұғалімнің ынтасы, сүйіспеншілігі, шеберлігі мен парасаты оны әрдайым биікке жетелейді. Ұстаздық жол – еңбек пен жүрекке негізделген жол. Осы еңбек еленіп, марапатқа жеткізетініне сенемін», – дейді ол.

Серіктес жаңалықтары