Талдықорғанда әйел адам мас күйінде рульге отырып, бағанаға соғылды (ВИДЕО)
55 жастағы тұрғын электр бағанына соғылған
Талдықорғанда әйел адам мас күйінде Lixiang көлігінің руліне отырып, жол жиегіндегі бағанаға соғылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол мас күйінде көлік жүргізіп, жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.
Жетісу облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қаблиса Жырау көшесіндегі «ТемірҚазық» колледжінің маңында 55 жастағы Lixiang автокөлігінің жүргізушісі мас күйінде бетон электр бағанына соғылған.
«Соққының күшті болғаны соншалық, көлік айтарлықтай зақымданды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Полиция экипажы оқиға орнына дереу барып, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етті және барлық мән-жайды тіркеді. Іс материалы жедел түрде сотқа жолданды», – деп мәлімдеді ведомство.
Сот шешімі бойынша әйел адам 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды және 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.