$ 519.98  600.06  6.6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Шымкентте төрт баласын жалғыз асырап отырған әйел адамды сот банктен арашалап қалды

Оның қарызы 1600 АЕК-тен асып кеткен

Шымкентте төрт баласын жалғыз асырап отырған әйел адамды сот банктен арашалап қалды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Шымкентте төрт баласын асырап отырған көпбалалы ананың қаржылық жағдайына байланысты сот банкроттық рәсім қолдану туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында А. есімді азаматшаның өзіне қатысты банкроттық рәсім қолдану туралы өтініші қаралды.

Сот мәліметінше, өтініш берушінің кредиторлар алдындағы қарызы 6 миллион теңгеден асады. Оның тұрақты табысы жоқ, кәмелетке толмаған төрт баласын жалғыз асырап отыр, жалдамалы пәтерде тұрады және меншігінде мүлік жоқ.

Қарыздардың көп бөлігі отбасын қамтамасыз етуге, балалардың жағдайын жақсартуға, емдеу және қалпына келтіру шараларына қажетті қаражат жетпегендіктен алынған. Бұрынғы күйеуінің қолдау көрсетпеуі де отбасының жағдайын күрделендірген. Сонымен қатар, әйелдің жұмысқа орналасуы балалардың күтімі мен жұмыс берушілерден жиі болатын бас тартуларға байланысты қиындық туғызған.

Сот қарыз мөлшерінің 1600 айлық есептік көрсеткіштен асып кеткенін, берешектің 12 айдан астам уақыт өтелмегенін, берешекті өндіріп алу шаралары нәтиже бермегенін анықтады. Өтініш берушінің мүлкі де, басқа табыс көздері де жоқ. Бұған қоса, оған қатысты бұған дейін банкроттық рәсімі қолданылмаған.

Қаржы менеджері сотқа азаматшаның нақты төлем қабілетсіз екенін растаған.

Соттың шешімімен А. есімді азаматшаның өтініші қанағаттандырылып, оған қатысты соттың банкроттық рәсімі ресми түрде енгізілді. Оның әлеуметтік осал топқа жатуына байланысты қаржы менеджерінің қызмет ақысын республикалық бюджет өтейді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары