Аршалыдағы қауіпсіздігі барынша жоғары түрмеге көмір арқылы телефон өткізбек болған
Телефон арнайы түйіншек арқылы көмірдің арасына жасырылған
Аршалыдағы қауіпсіздігі жоғары түрмеде 8 телефон мен SIM-карталарды жасырын жеткізу әрекеті дер кезінде әшкереленді. Көмір үйіндісіне жасырылған түйіншек жедел бөлім қызметкерлерінің назарына бірден ілікті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық ұланның мәліметінше, Аршалыда қауіпсіздігі барынша жоғары түзету мекемесі аумағына тыйым салынған заттарды жасырын өткізбек болған әрекет дер кезінде тоқтатылды.

«Жедел бөлімге күзетілетін нысан аумағындағы көмір үйіндісінен күдік тудырған түйіншектің табылғаны туралы ақпарат келіп түсті. Хабарлама бірден тіркеліп, тиісті шаралар қабылданды.
Оқиға орнына жедел бөлім қызметкерлері 3-сыныпты сержант Нұрбол Аштаевпен және оның қызметтік итімен бірге шұғыл түрде жетті.
Көрсетілген орынға келген соң топ аумақты мұқият тексерді. Тексеру барысында қара түсті түйіншек ішінен сегіз мобильді телефон және екі SIM-карта анықталды. Бұл заттар күзетілетін аймаққа заңсыз жолмен өткізілмек болған», – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, ұландық қызметкердің қырағылығы мен ҚАЖ комитетінің қызметкерлерімен бірлескен жедел іс-қимылының арқасында тыйым салынған заттарды өткізуге бағытталған әрекеттің жолы кесілді. Анықталған дерек бойынша материалдар тиісті органдарға одан әрі тергеу жүргізу үшін жолданды.