$ 519.98  600.06  6.6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда ұрланған жүздеген мал иесіне қайтарылды

ІІМ мәліметінше, мал тасымалдаған 12 мыңнан астам көлік тексерілді

Қазақстанда тәртіп сақшылары 100-ден астам мал ұрлығын ашып, 800-ден астам бас малды иелеріне қайтарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІМ мәліметінше, ел бойынша «Мал ұрысы» атты кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шара өтті.

Ішкі істер министрлігі ауыл тұрғындарының мүлкін қорғауға және мал ұрлығының алдын алуға бағытталған жоспарлы іс-шараны ел аумағында өткізді. Үш күнге созылған рейд барысында полиция қызметкерлері мал ұрлығымен байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау үшін кең көлемдегі тексерулер жүргізді.

Министрліктің мәліметінше, осы кезеңде мал тасымалдаған 12 мыңнан астам көлік, 3,5 мыңнан аса мал сатып алу орны, сондай-ақ 8 мыңға жуық шаруа қожалығы мен ферма тексерілген.

Рейдтің нәтижесінде бірқатар заңсыздықтар анықталды:

  • Астана мен Алматы қалаларында алты заңсыз мал сою цехының жұмысы тоқтатылды;
  • Елорда базарларының бірінде ет сатуға арналған жалған мөрді қолдану фактісі тіркелді;
  • Мал ұрлығына қатысы бар 113 адам ұсталып, 20 қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды;
  • 107 мал ұрлығы дерегі жедел ашылды;
  • 800-ден астам бас мал иелеріне қайтарылды;

Министрлік өңірлер бойынша нақты мысалдар келтірді:

  • Павлодар облысында алты эпизод бойынша 43 бас ірі қараны ұрлаған төрт адамнан құралған топ ұсталды;
  • Жетісу облысында 50 бас ірі қараның ұрлығына қатысы бар тағы бір қылмыстық топ анықталып, қылмыс дер кезінде тоқтатылды;
  • Ақтөбе облысында полицейлер еркін жайылымда жоғалып кеткен 20 жылқыны тауып, иелеріне қайтарып берді;

ІІМ Криминалдық полиция департаментінің басқарма бастығы Жандос Мұхатов мал иелерін сақтық шараларын күшейтуге шақырды.

«Малды қараусыз қалдырмаңыздар, міндетті түрде таңбалап, жоғалған жағдайда бірден полицияға хабарласыңыздар. Әрбір сағаттың маңызды екенін есте сақтаңыздар», — деді ол.

Министрлік мал ұрлығымен күрес жұмыстары жүйелі түрде жалғаса беретінін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары