$ 518.66  597.44  6.56
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматыда білім беру жүйесінің өзекті мәселелері талқыланды

Қала мектептерінде «Таза мектеп – таза қоғам» жобасы іске қосылады

Алматыда білім беру жүйесінің өзекті мәселелері талқыланды
Фото: қала әкімдігі

Мегаполисте «Алматы қаласының білім беру жүйесінің өзекті мәселелері» тақырыбында Білім басқармасының кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов төрағалық етті. Отырысқа прокуратура, білім сапасын қамтамасыз ету департаменттері, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және полиция органдары, төтенше жағдайлар департаменті, сондай-ақ мемлекеттік және жекеменшік мектептердің, мектеп-интернаттардың, қосымша білім беру ұйымдарының басшылары қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс барысында білім беру ұйымдарында заңдылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты салалық ведомстволардың баяндамалары тыңдалды. Қатысушыларға бақылау-қадағалаушараларының қорытындылары, білім сапасының сыртқы бағалауының нәтижелері, профилактикалық және тәрбиелік жұмыстардың жай-күйі, санитарлық және өрт қауіпсіздігі нормаларының сақталуы туралы есептер ұсынылды. Сонымен қатар оқу үдерісіне жүргізілген кешенді мониторингтің түйіндері таныстырылды. Жекелеген мектептердің басшылары анықталған заңбұзушылықтар бойынша түсініктеме беріп, оларды жою мақсатында қабылданған шаралар туралы баяндады.

Белгілі болғандай, бүгінгі таңда елімізде «Заң және тәртіп» қағидатына ерекше мән беріліп отыр. Осыған байланысты Абзал Нүкеновтың айтуынша, «балаларға адалдықты, қоғамдық өмірдің нормалары мен ережелерін мектеп қабырғасынан бастап дарыту қажет».

Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары инклюзивті білім беруді дамытудың маңыздылығына тоқталып, білім беру ұйымдарында әдістемелік және кадрлық қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді ұсынды.

Одан әрі Абзал Нүкенов білім сапасы мәселесіне назар аударып, педагогтарды, соның ішінде жекеменшік мектептердің мұғалімдерін де, оқыту үдерісіне барынша жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Сөзінің қорытындысында қала әкімінің орынбасары құрамына аудан әкімдері орынбасарлары, мектеп өкілдері, ювеналды полиция қызметкерлері, әлеуметтік қызметтер өкілдері кіретін жұмыс құрылымын құруды ұсынды. Аталған құрылым мектептердегі қауіпсіздік мәселелері бойынша алдын алу бағытында жұмыс істеп, қалалық құрылымдар арасындағы коммуникацияны жолға қоюмен айналысатын болады.

Кеңес қорытындысын шығара келе, Абзал Нүкенов оқушылар арасында тәрбие жұмысына және азаматтық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған шараларға ерекше көңіл бөлудің қажеттігін атап өтті.

«Мемлекет балалардың білім алуына барлық жағдай жасап отыр. Біз үшін ең бастысы – жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың нақты нәтиже беруін қамтамасыз ету. Мектеп директорларының мойнында үлкен жауапкершілік тұр, сондықтан өз жұмыстарына сын көзбен қарап, туындаған мәселелерді дер кезінде шешуді сұраймын», – деді ол.

Отырыста өскелең ұрпақты «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экожобасына кеңінен тарту мәселесіне айрықша көңіл бөлінді. Осыған орай Алматы қаласы әкімінің орынбасары қаладағы барлық мектептерде «Таза мектеп – таза қоғам» бастамасын енгізуді тапсырды. Жобаның негізгі мақсаты – балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаның тазалығына жеке жауапкершілік сезімін арттыру, әр адамның әділ әрі экологиялық тұрақты қоғам құрудағы рөлін түсіндіру.

«Адамды қоршаған ортаның тазалығы, ойдың тазалығы мен істің тазалығы, сондай-ақ адалдық – бұл өзара тұтасқан үш мақсат, және олар өскелең ұрпақты тәрбиелеудің басты қағидаттарына айналуға тиіс», – деді ол.

Сонымен қатар басым бағыттардың қатарында қаржылық тәртіп, мемлекеттік сатып алудың ашықтығы, заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау мәселелері де атап өтілді. Жасөспірімдердің тәуекелді (қауіпті) мінез-құлқының алдын алу да негізгі тақырыптардың бірі болды. Бұл ретте педагогтар мен психологтардың бірлескен жұмысының маңызы ерекше екені атап өтілді. Қала әкімінің орынбасары көтерілген мәселелерді шешу үшін нақты іс-шараларды қамтитын жол картасын әзірлеуді ұсынды және Алматының білім беру саласында көшбасшы ретіндегі орнын сақтап қалуы қажеттігін ерекше қадап айтты.

Нүкенов, сонымен бірге, балаларда сыни ойлау дағдыларын қалыптастыру және идеологиялық құндылықтарды нығайту қажеттігіне назар аударды. Оның айтуынша, «Адал азамат» бағдарламасы жауапкершілігі жоғары азаматты тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.

Өз кезегінде Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов тәрбие үдерісі ата-аналардың белсенді қатысуын талап ететінін тілге тиек етті.

«Бала отбасында не көрсе, соны бойына сіңіреді. Мектеп өз функцияларын орындайды, алайда мемлекет ата-ананың орнын баса алмайды. Ортақ күш-жігер ғана дені сау, білімді әрі шығармашыл ұрпақ тәрбиелеуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Жиын қорытындысы бойынша білім беру үдерісінің сапасын арттыруға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге, балалар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған нақты шараларды көздейтін резолюция қабылданды.

Серіктес жаңалықтары