$ 518.19  597.32  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда биыл қанша әйел адам декретке шыққаны белгілі болды

Оларға мемлекет тарапынан қанша көлемде жәрдемақы төленгені айтылды

Қазақстанда биыл қанша әйел адам декретке шыққаны белгілі болды
Фото: pixabay.com

Қазақстанда биыл мемлекеттік жәрдемақылармен, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) баланы босануға және бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалпы сомасы 692 млрд теңгені құрайтын төлемдермен 508 мың адам қамтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бала туғанда берілетін жәрдемақыны 2025 жылдың басынан бастап республикалық бюджеттен барлығы 51,7 млрд теңге сомаға 286 мың адам қамтылды, оның ішінде қазан айында 5,2 млрд теңге сомаға 28,5 мың адам алды. Бұл жәрдемақыға бала туған, асырап алған, сондай-ақ қамқорлыққа алған балалары бар еліміздің азаматтары, қандастар, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер үміткер бола алады.

«Балаға күтім жасайтын адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылмаған жағдайда туған, асырап алған, сондай-ақ қорғаншылыққа алған балалары бар, егер олар басқа ата-ананың отбасында ескерілмесе, өгей балалары бар адамдардың (отбасылардың) бала күтіміне байланысты жәрдемақы алуға құқығы бар. Есепті кезеңде 1,5 жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша жәрдемақымен 36,4 млрд теңге сомасына орта есеппен 124,7 мың адам қамтылды, оның ішінде қазан айында 3,7 млрд теңге сомасына 126,8 мың адам алды.

Бала тууына және бала күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына бекітілген айлық есептік көрсеткішке (бұдан әрі – АЕК) байланысты белгіленеді. 2025 жылдың басынан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға индекстелген», – делінген министрлік хабарламасында.

Бала тууына арналған жәрдемақы мөлшері:

  • бірінші, екінші, үшінші балаға – 38,0 АЕК немесе 149 416 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 63,0 АЕК немесе 247 716 теңге.

Бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы ай сайын келесідей мөлшерде төленеді:

  • бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 22 648 теңге;
  • екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 26 777 теңге;
  • үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 30 866 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 34 995 теңге.

«Бұдан басқа жұмыс істейтін азаматтарға жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылған жағдайда МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлем жүктілігі және босануы бойынша берілген демалыстың барлық күндеріне тағайындалады. Төлем мөлшері жүктілігі және босануы бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілгенге дейінгі соңғы 12 ай ішінде МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кіріске және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады.

Аталған біржолғы төлемді жыл басынан бері жалпы сомасы 245,3 млрд теңгеге 175,1 мың адам алды, оның ішінде қазан айында 17,4 млрд теңге сомасына 17,8 мың адам алды. 2025 жылдың 10 айында тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 457 321 теңгені құрады.

Сондай-ақ МӘСҚ-дан бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға баланың туған күнінен бастап тағайындалады. Төлемнің мөлшері соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық кірістің 40%-н құрайды. Екі және одан да көп бала туған жағдайда төлем әр балаға жеке тағайындалады», – деп хабарлайды министрлік.

2025 жылдың 10 айында бұл төлем 358,6 млрд теңгеге 208,2 мың адамға тағайындалды. Оның ішінде төлем қазан айында 18,8 мың алушыға тағайындалды, төлемнің сомасы қазан айында 34,5 млрд теңгені құрады. 10 айдағы төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері – 86 493 теңге.

Серіктес жаңалықтары