ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Өрттен аман қалған тағы бір адам Шымкентке жеткізілді (ВИДЕО)

Экипаж санитарлық рейсті сәтті орындады

Өрттен аман қалған тағы бір адам Шымкентке жеткізілді (ВИДЕО)
Фото: видеодан скриншот

Түркістан облысында 12 адамның өмірін қиған өрттен зардап шеккен тағы бір тұрғын Жетісай ауданынан Шымкент қаласына тікұшақпен жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше санитарлық рейсті «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» РМҚК үйлестірді. Өрт салдарынан зардап шеккен 1990 жылы туған әйел Шымкент қаласындағы гипербариялық оксигенация орталығына жеткізілді.

«Гипербариялық орталық Шымкентте орналасқандықтан, ал Жетісай ауданында шұғыл медициналық көмек көрсетуге қажетті арнайы жабдықтар жеткіліксіз болғандықтан, науқасты тасымалдау қажет болды», - деп жазылған хабарламада.

Экипаж санитарлық рейсті сәтті орындап, барлық қауіпсіздік шарасын сақтай отырып, зардап шеккен әйелдімежелі жерге жеткізді. Қону сәтінен кейін науқас арнайы мамандандырылған дәрігерлердің бақылауына тапсырылды.

19 қарашада «Казавиақұтқару» авиациялық қызметінің тікұшағы өрттен зардап шеккен 1986 жылғы ер адамды Шымкентке жеткізген болатын.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға кеше сағат 05.36-да болған. Екі қабатты жер үй толығымен өртке оранып, шатыры ішінара құлаған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдары дереу жіберілді. Өрт сағат 07.22-де жойылды. Өкінішке қарай, өрт орнында 12 адам қаза тапты, олардың 9-ы балалар. 3 адам зардап шекті, олар қазір Жетісай аудандық орталық ауруханасының реанимация бөлімінде жатыр.

19 қарашада Алғабас ауылындағы өрттің ықтимал себебі айтылды. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығуына ақауы бар электрлік ұзартқыш себеп болуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары