$ 518.19  597.32  6.43
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақмола облысында жол апатын жасаған жүргізушіден 15 млн теңге өндірілді

Жол апаты салдарынан артқы орында отырған жолаушы ауыр дене жарақатын алды

Ақмола облысында жол апатын жасаған жүргізушіден 15 млн теңге өндірілді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Ақмола облысында сот жол апатына себепші болған жүргізушіні 1 жылға бас бостандығынан шектеп, 15 млн теңгеден астам материалдық және моральдық шығын өндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жолаушы ауыр жарақат алды

Ерейментау аудандық сотында жол қозғалысы ережесін бұзып, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтірген Б.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. 

Соттың мәліметінше 2025 жылдың шілде айында көлік жүргізуші Екібастұз қаласынан Астанаға жолаушыларды тасымалдап, өзімен бір бағытта келе жатқан автокөлікке соқтығысқан.

«Жол апаты салдарынан артқы орында қауіпсіздік белдігін тақпай отырған жолаушы ауыр дене жарақатын алды: оң аяғы ампутацияланды, денсаулығына ауыр зиян келтірілді», - деп жазылған хабарламада.

Б.-ның шаршаңқы күйде көлік басқарғаны, белгіленген жылдамдықты асырғаны, көріну мүмкіндігін ескермегені, алда келе жатқан көлікпен арақашықтықты сақтамағаны, сондай-ақ қауіпсіздік белдігін тақпаған жолаушыларды тасымалдағаны анықталды.

Жәбірленуші кешірім берді

Б. кінәсін мойындап, өкінді. Зардап шеккен жолаушы сотталушыны бас бостандығынан айырмауды, оған бас бостандығын шектеу жазасын кесуді сұрады.

Сот үкімі шықты

 Жаза кесу кезінде сот Б.-нің оң мінездемесін, бұрын сотталмағанын, жәбірленушінің пікірін, сондай-ақ кінәні мойындап, өкінгенін жеңілдететін мән-жайлар ретінде қарастырды.

«Сот үкімімен Б.-ға 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесілді, пробациялық бақылау белгіленді, сондай-ақ 1 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды», - дейді сот мамандары.

Жәбірленушіден жолаушының пайдасына жалпы сомасы 15 млн теңгеден астам материалдық шығын, моральдық зиян және өкілдің қызметіне төленген шығындар өндірілді.

Серіктес жаңалықтары