$ 519.41  600.85  6.41
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазы-қарта мен жал-жаяны оқушылар мен әскерилердің күнделікті асына енгізу: депутат ерекше бастама көтерді

Биыл жылқы өсімі көбейген

Қазы-қарта мен жал-жаяны оқушылар мен әскерилердің күнделікті асына енгізу: депутат ерекше бастама көтерді
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Қазақтың дәстүрлі мәдениетінде ерекше орын алатын жылқы еті мен қымыз бүгінде әлеуеті жоғары сала бола тұра, толық пайдаланылмай отыр. Бұл жайлы Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай өзінің депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

«Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жылқы басы екі таңбалы өсім көрсеткен. Бұл жылқы етінің ішкі нарығында тұрақты шикізат қоры қалыптасқанын білдіреді. Соған қарамастан, жылқы түлігін тиімді пайдалану жолдары әлі жүйеленбеген. Көбіне мал қара базарларда немесе көрші елдерге арзан бағамен сатылып жатыр. Балабақшалар, мектептер, колледждер, медицина ұйымдары, сондай-ақ әскерилер мен өндіріс орындарының жұмысшыларына жылқы етін енгізу халық денсаулығын нығайтатын маңызды қадам», - дейді Әлтай.

Оның айтуынша, қазіргі таңда көптеген ұйымның үлгілік тізімдерінде жылқы еті қарастырылмаған.

«Бұған қоса, бірегей техникалық карталар, сапа талаптары, сатып алу әдістемелері жоқ, ал фермерден тікелей кооперативтік сатып алу жүйесі мүлде реттелмеген.Жылқы еті өндірісі ондаған мың тоннаға жетсе де, ресми экспорт көлемі жылына небәрі 0,2 тонна шамасында қалып отыр», - деді Аманжол Әлтай.

Негізгі себептер:

  • сертификаттау талаптарының қиындығы,
  • инфрақұрылымдық шектеулер,
  • сыртқы нарықтарға шығу механизмдерінің дамымауы.

Экспортты ұлғайту ұлттық өнімнің халықаралық нарықтағы орнын күшейтіп, шикізаттық емес валюталық түсімді арттыра алады.

Депутат жылқы еті нарығын реттеу және дамыту үшін Үкіметке келесі ұсыныстарды жолдады:

  • Балабақшалар, мектептер, колледждер мен медицина ұйымдарының үлгілік тізіміне және әдістемелік ұсынымдарына жылқы етін енгізу.
  • Әскерилерді тамақтандыру нормаларына жылқы етін қосу мүмкіндігін қарастыру.
  • Әлеуметтік нысандар сатып алуларында қызыл еттің кемінде 25–30%-ын жылқы етімен алмастыруды көздейтін 12 айлық пилоттық жобаны іске қосу.
  • Фермер-жылқышылардан өнімді Азық-түлік корпорациясы арқылы тікелей сатып алу механизмін әзірлеу.
  • Жылқы етін сатып алуға арналған үлгілік техникалық тапсырмалар әзірлеу.
  • ДСМ, Оқу-ағарту, Сауда, СІМ, әкімдіктер және салалық қауымдастықтардың қатысуымен KPI-мен нақты іс-шаралар жоспарларын бекіту.

Жылқы етін нарыққа шығаруда сапалы жүйе қалыптасса:

  • рацион құрамының сапасы жақсарады,
  • өңдеу саласы дамиды,
  • ауыл шаруашылығы табысы артады,
  • ұлттық өнімнің экспорттық әлеуеті күшейеді.
Серіктес жаңалықтары