Астанада ер адам мас күйінде көпірдің төбесіне шығамын деп сотты болды
Ол 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін Б.-ға қатысты істі (ӘҚБтК 434-бабы 1-бөлігі) қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс материалдарына сәйкес, ол алкогольдік мас күйде Сарайшық көпірінің құрылымына көтеріліп, қоғамдық тәртіпті бұзған және айналасындағыларға құрметсіздік көрсеткен. Бұзушылық фактісі хаттама, куәгер К.-нің көрсетілімдері және оқиға орнынан алынған бейнежазбамен расталды.
Сот отырысында Б. өз кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін білдірді. Жеңілдететін мән-жай ретінде оның өкінуі, ауырлататын мән-жай ретінде құқық бұзушылықтың алкогольдік мас күйде жасалуы есепке алынды.
Сот қаулысымен Б. ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.