Денсаулық сақтау министрлігі скрининг бағдарламаларын жаңартты
Қазақстанда жаңа скринингтер енгізілді
Қазақстанда профилактикалық тексерулердің тізімі кеңейіп, скрининг бағдарламалары жаңартылды. Бұл өзгерістер ауруларды ерте анықтау тиімділігін арттыруға және халықты көбірек қамтуға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Скрининг қатысушыларының жасы 76-ға дейін ұлғайды
Министрлік мәліметінше, енді скринингтен өту жасы 76 жасқа дейін ұзартылды. Бұл — егде жастағы азаматтардың да профилактикалық тексеруден өтетінін білдіреді.
Сонымен қатар клиникалық көрсеткіштері қалыпты болса, артық консультациялар алынып тасталды, скринингтің қорытындысын медбике деңгейінде аяқтауға мүмкіндік берілді.
Скринингке жаңа зерттеулер енгізілді
Жаңартылған бағдарламаға дәлелділігі жоғары зерттеулер енгізілді. Олардың қатарында:
- Төмен тығыздықтағы липопротеиндер;
- триглицеридтер;
- гликирленген гемоглобин.
Бұл талдаулар әсіресе жүрек-қантамыр ауруларын ерте анықтауда маңызды рөл атқарады.
Ерлерге арналған жаңа УДЗ скринингі
50 жастан асқан ер адамдар үшін жаңа тексеру қолжетімді болды — брахиоцефальды тамырлардың УДЗ-і, ол екі жылда бір рет жүргізіледі. Бұл ми қанайналымының бұзылуын алдын ала анықтауға бағытталған.
Онкоскринингтер — тегін және қолжетімді
Министрлік қыркүйектен бастап барлық онкоскрининг кезеңдері қолжетімді екенін еске салды. Бұл азаматтар үшін қаржылық жүктемені азайтады әрі тексеруден өтуді жеңілдетеді.
«Жаңартылған стандарттар скринингтерді дәлірек, заманауи және пациенттер үшін ыңғайлы етеді», – деп хабарлады ведомство.