Павлодар облысында бірнеше бала ауруханаға түсті: балабақша тексеріліп жатыр
Балабақшада санитарлық тексеріс басталды
Павлодар облысының Шербақты ауданындағы «Балдаурен» балабақшасының бір топ тәрбиеленушісі инфекциялық ауруханаға жеткізіліп, кейін балабақшада санитарлық тексеріс басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үш бала ауруханаға жатқызылды
Оқиға 7 қараша күні тіркелген. Алдын ала мәлімет бойынша, жеті балаға медициналық көмек көрсетіліп, олардың үшеуі инфекциялық бөлімге жатқызылған. Қалған төртеуі дәрігерлердің бақылауымен үйлеріне жіберілген.
Бүгінде барлық балалар ауруханадан шығарылды, қазір үй жағдайында ем қабылдап жатыр.
Санитарлық тексеріс басталды
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, балақайлардың жағдайына байланысты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жүргізуде.
«Осы факт бойынша Шербақты аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеріс бастады. Үлгілер алынды, зертханалық зерттеулер жүргізілді. Нәтижелері бойынша ресми ақпарат беріледі», – деп хабарлады ведомство.
Диагноз нақтыланды
Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, бастапқыда қойылған «инфекциялық шығу тегі белгісіз гастроэнтерит және колит» диагнозы расталмаған. Балаларға «вирустық энтерит» деген нақты диагноз қойылған.