Ақтөбе тұрғындарының арасында Гонконг тұмауы анықталды
Облыста 11 адамнан аталмыш инфекция түрі табылды
Ақтөбе тұрғындары арасында түсініксіз инфекция тарады. Науқастар дене қызуы көтеріліп, жөтелі пайда болғанын айтып, дәрігерлерге жүгінді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «Диапазон» басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, әсіресе балалар үшін бұл ауру ауыр өтіп жатыр – дене қызуы 38 градустан асып, жөтел мен әлсіздік пайда болған.
«Балабақшамыздағы тобымызда балалардың шамамен жартысы дүйсенбі күні келмей қалды. Олардың бәрі ауырып жатыр. Ересектер де жөтеліп жүр. Бұл жаңа бір вирус – Г?онконг тұмауы болуы мүмкін дейді. Шынымен, ол бізде бар ма? Жұқпалы аурулар ауруханасына көп адам түсіп жатқаны рас па?» – деп сұрады жергілікті тұрғындардың бірі.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті журналистерге қалада Гонконг вирусын жұқтыру жағдайлары бар екенін растады. Алайда мамандар бұл штаммды жаңа вирус деп атауға болмайтынын атап өтті.
«Қазіргі таңда облыс аумағында зертханалық жолмен анықталып, расталған А типті тұмау (H3N2) – яғни, Гонконг вирусы тіркелді. Бұл – әр жылы күз-қыс маусымында айналымда жүретін маусымдық вирус. Ол жаңа емес, бұрыннан белгілі тұмау штаммдарының қатарына жатады», – делінген ведомство хабарламасында.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 12 қарашадағы жағдай бойынша зертханалық түрде Гонконг вирусының 11 жағдайы расталған.