Түркияның әскери ұшағы Грузия аумағында апатқа ұшырады (ВИДЕО)
Әскери ұшақта 20 адам болған
Әзербайжаннан ұшып шыққан Түркияның C-130 әскери көлік ұшағы Грузияда апатқа ұшырады. Түркияның Қорғаныс министрлігі ұшақ бортында экипаж мүшелерін қосқанда 20 түрік әскери қызметшісі болғанын мәлім етті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, іздестіру-құтқару жұмысы Грузия билігімен бірлесе жүргізіліп жатыр.
Грузияның Ішкі істер министрлігі де ұшақтың апатқа ұшырағанын растады. Ведомствоның хабарлауынша, әуе кемесі Әзербайжан шекарасынан шамамен бес шақырым жерде құлаған.
Министрліктің мәлімдемесінде ұшақтың апатқа дейін дабыл сигналын бермегені және Грузия әуе кеңістігіне енгеннен кейін бірнеше минуттан соң радардан жоғалып кеткені айтылған.
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Анкарада жасаған мәлімдемесінде ұшақ апаты туралы жаңалықты қайғыра қабылдағанын айтты.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев те көңіл айтып, ұшақтың Әзербайжанның Гянджа қаласынан ұшқанын хабарлады.
Түркияның ішкі істер министрі Али Ерликая да әлеуметтік желідегі NSosyal парақшасында апатқа байланысты көңіл айтып, грузиялық әріптесі Гела Геладземен телефон арқылы сөйлескенін, ол да апат орнына бара жатқанын жазды.
Апатқа ұшыраған ұшақ туралы
Lockheed C-130 Hercules – орта және ұзақ қашықтыққа ұшуға арналған әскери-көлік ұшағы. Ол америкалық Lockheed Martin компаниясында жасалып, шығарылады.
Ұшақ төрт турбовинтті қозғалтқышпен жабдықталған, әскери жүктер мен жеке құрамды тасымалдауға, сондай-ақ эвакуация жұмысына арналған.
C-130 ұшағы топырақ жолақтарында және қысқа ұшу-қону жолақтарында да қона алады.