Танымал филолог әрі режиссер көз жұмды
Ол қазақ халқының рухани қазынасын кеңінен насихаттаған
Белгілі қаламгер, қоғам қайраткері, режиссер-сценарист, медиаменеджер Ғалым Доскен дүниеден озды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ғалым Төлембекұлы – еліміздің мәдениеті мен әдебиетінің, телерадио саласының дамуына, ұлттық журналистиканың қалыптасуына сүбелі үлес қосқан көрнекті тұлға. Ол «Ұлан» газетінің бас редакторы, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының төрағасы қызметтерін атқарып, бірнеше маңызды мәдени жобаларды жүзеге асырды. Соның ішінде «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» мен «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты антологиялық жинақтардың авторы ретінде ұлттық өнердің баға жетпес мұрасын келер ұрпаққа жеткізді», - деп хабарлады мәдениет және ақпарат министрлігі.
Режиссер әрі сценарист ретінде «Киелі жерлер», «Жоғалған жарық хроникасы» секілді деректі фильмдерді дүниеге әкеліп, қазақ халқының рухани қазынасын кеңінен насихаттады. Ғалым Доскен 1960 жылы 19 шілдеде дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған.