$ 523.58  605.36  6.45
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жоғарғы Сот төрағасы Маңғыстау облысында сот төрелігін дамыту мәселелерін талқылады

Асламбек Мерғалиев Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды

Жоғарғы Сот төрағасы Маңғыстау облысында сот төрелігін дамыту мәселелерін талқылады
Фото: Жоғарғы сот

Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев Маңғыстау облысында жұмыс сапарымен барды. Ол Жаңаөзен қаласында сот төрелігін жүзеге асыру мәселелері бойынша аймақтың сот корпусымен көшпелі кеңес өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кеңеске облыстық соттың, Жаңаөзен қалалық сотының басшылығы мен судьялары, сондай-ақ Сот әкімшілігі облыстық департаментінің басшылығы қатысты.

Кеңес барысында апелляциялық соттың жұмысы туралы облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы Исатай Сматовтың, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Ержан Қарабаев пен азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Гүлажар Бақытжанованың, Жаңаөзен қалалық сотының төрағасы Бауыржан Тоқбаевтың есептері тыңдалды.

Асламбек Мерғалиев өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін кеңейтуге, адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтуға және сот билігінің тәуелсіздігін арттыруға бағытталған шаралар туралы айтып өтті.

Ол сот төрелігіне кедергісіз қол жеткізуді, сот практикасындағы біркелкілікті және соттардың талдау жұмысын күшейтуді қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.

«Кездесу барысында Асламбек Мерғалиев судьялардың сот инфрақұрылымын дамыту және цифрландыру процестеріне қатысты сұрақтарына жауап берді.

Судьялар сот процесіне қатысушылардың IT-технологияларын пайдалану, әкімшілік әділеттің тиімділігі және сот жүйесінде жүзеге асырылып жатқан жалпы реформалар туралы оң пікірлерін атап өтті.

Жоғары сот органының төрағасы қоғам әділ сот ісін жүргізудің, азаматтардың құқықтарын қорғаудың жоғары деңгейін және сот төрелігінің сапасын көруі маңызды екенін атап өтті. Ол сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне мүлдем төзбеушілікпен қарау керектігін қадап айтты, сондай-ақ сот қызметтерінің сапасын үнемі бақылау және азаматтардың өтініштерін уақтылы қарау қажеттілігіне баса назар аударды», – делінген хабарламада.

Сонымен қоса, сапар аясында Жоғарғы Сот төрағасы азаматтарды қабылдап, түскен өтініштер бойынша тиісті тапсырмалар берді.

Сапарының соңында Асламбек Мерғалиев сот жүйесінің ардагері Аралбай Нағашыбаевтың елдің сот жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.

Көпжылдық өнімді және мінсіз қызметі үшін ардагер Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот жүйесінің ардагері» медалімен марапатталды.

Серіктес жаңалықтары