Атырау әуежайында «жарылғыш зат қойылғанын» айтқан ер адам ұсталды
Оның әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалды
Атырау қаласында рейске тіркелу кезінде жарылғыш зат бар деп жалған ақпарат берген ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy полиция департаментіне сілтеме жасап.
Оқиға 8 қараша күні Атырау–Алматы бағытындағы рейске тіркеу кезінде болған. Ер адам әуежай қызметкерлеріне қол жүгінде бомба бар екенін айтып, дүрбелең тудырған.
Терроризм туралы жалған хабар бойынша іс қозғалды
Полицияның көліктегі департаменті мәлім еткендей, бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы – «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар тарату» бойынша тіркелген.
«Қазір сотқа дейінгі тергеу басталды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мәліметтері жария етілмейді», – делінген полиция хабарламасында.
Әуежай қалыпты режимде жұмыс істеп тұр
Атырау әуежайы эвакуацияланбады, зардап шеккендер мен жапа шегушілер жоқ. Барлық рейс өз кестесіне сай жүзеге асырылып жатыр.