Көктайғақ, боран, тұман: 9 қарашаға арналған ауа райы болжамы жарияланды
Синоптиктер болжамы белгілі болды
«Қазгидромет» РМК 9 қарашаға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің болжамына сүйенсек, Қазақстанның солтүстік және орталық өңірлерінде 9 қараша күні қолайсыз ауа райы күтіледі. Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау жәнеШығыс Қазақстан облыстарында жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ пен боран болады. Желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Ауа температурасы түнде және күндіз -3…+2°С аралығында болады. Астанада да күн бұлтты, қар аралас жаңбыр, көктайғақ және екпінді жел байқалады.
Алматы, Жетісу және Абай облыстарында жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі. Түнгі температура -4…-12°С, ал күндіз +8…+13°С шамасында. Алматыда күн ашық, түнде 0…-2°С, күндіз +10…+13°С болады.
Оңтүстік аймақтарда, яғни Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында негізінен ашық ауа райы сақталады. Түнде тұман түсіп, желдің екпіні 20-28 м/с дейін жетуі мүмкін. Ауа температурасы түнде -2…+3°С, күндіз +10…+16°С аралығында. Шымкент пен Таразда күн жылы, күндіз +14…+16°С.
Батыс өңірлерде – Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болады. Кей жерлерде көктайғақ пен тұман күтіледі. Түнгі ауа температурасы 0…+5°С, күндіз +7…+14°С шамасында. Ақтауда ауа температурасы +16…+18°С-қа дейін жетеді.