$ 524.94  602.79  6.45
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақтөбелік зейнеткер WhatsApp арқылы сөйлескеннен кейін бар жиған-тергенінен айырылып қалды

Полиция департаментіне телефон арқылы алаяқтардың құрбаны болған зейнеткерден арыз түсті

Ақтөбелік зейнеткер WhatsApp арқылы сөйлескеннен кейін бар жиған-тергенінен айырылып қалды
Фото: istockphoto.com

Ақтөбеде алаяқтардың сөзіне сенген зейнеткер пәтерінен, әшекейлерінен және жинақ қаражатынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Белгісіз адам әйелге WhatsApp мобильдік қосымшасы арқылы қоңырау шалып, өзін «Қазпошта» АҚ-ның курьерімін деп таныстырған. Ол зейнеткердің атына сәлемдеме келгенін айтып, оны растау үшін телефонға келген СМС-кодты айтып жіберуді сұраған.

«Одан кейін әйелге өзін Әділет министрлігінің және Қазақстан Ұлттық банкінің қызметкерлері ретінде таныстырған адамдар хабарласқан. Олар зейнеткердің банктік шоттарына алаяқтар шабуыл жасап жатыр деп сендіріп, қаржысын қорғау үшін олардың «нұсқаулығына» сай әрекет етуін талап еткен», - деп жазылған хабарламада.

Алаяқтардың сөзіне сенген зейнеткер пәтерін сатып, жинаған ақшасын шешіп алып, алтын әшекейлерін ломбардқа өткізіп, алынған қаржыны – 11 миллион теңгеден астам соманы алаяқтар көрсеткен есепшоттарға аударған.

Полиция азаматтарды қырағы болуға және өздерінің жасы үлкен туыстарына телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың түрлері туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуге шақырды.

 

Серіктес жаңалықтары