Каспий теңізіндегі итбалықтардың жаппай қырылуының себебі анықталды: мамандар мәлімдеме жасады

Автор: Асыл Арман

Каспий теңізінің жағалауында жануарлардың өлекселері табылды

Фото: Lada.kz

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының полиция бөлімі Каспий теңізі жағалауында теңіз жануарларының қырылу дерегін тіркеді. Оқиға орнына Гидробиология және экология институтының мамандары барып, өлекселерге сараптама жасап, зертханалық талдау үшін сынамалар алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазір Каспий жағалауын бақылау жалғасып жатыр. Балық шаруашылығы инспекциясы мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері теңіз жануарларының өлекселерін жинап, санитарлық талаптарға сәйкес жойып жатыр.

Ғалымдардың алдын ала мәліметінше, итбалықтардың өліміне бір айдан астам уақыт болған. Алайда қатты батыс желі мен дауыл өлекселерді жағаға енді шығарып тастаған.

«Жаппай қырылуға ықтимал себеп – иммунитеттің әлсіреуі мен ағзаның жалпы төзімділігінің төмендеуі. Бұл итбалықтардың жұқпалы ауруларға бейім болуына әсер етуі мүмкін», – деп мәлімдеді Гидробиология және экология институтының мамандары.

Еске сала кетсек, бұған дейін Маңғыстауда Каспий теңізінің жағалауынан 100-ден астам өлі итбалық табылған еді. Түпқараған ауданының Баутино жағалауында өлекселердің табылғаны туралы жергілікті тұрғындар Экология департаментіне хабарлаған.