Алматы тұрғыны өз ауласына есірткі өсіремін деп полицейлерге ұсталып қалды
Полицейлер заңсыз есірткі өсімдігін өсіру дерегін анықтады
Алматы қаласында полиция қызметкерлері өз ауласына есірткі өсірген тұрғынды қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық ПД мәліметінше, Алатау ауданында 32 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Ол өз ауласында сыртқы белгілері бойынша қарасораға ұқсас өсімдіктерді өсірген.
Тексеру барысында полиция қызметкерлері мен жедел-тергеу тобы аумақтан 165 түп өсімдікті және заңсыз әрекетте пайдаланылған ұялы телефонды тәркіледі.
Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, тәркіленген өсімдіктер «каннабис» (қарасора) түріне жатады, олардың жалпы салмағы 23 келіден асты.
«Алматы қаласының полиция қызметкерлері есірткі құрамдас өсімдіктерді заңсыз өсіру деректерін анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Мұндай әрекеттер заңды бұзып қана қоймайды, қоғамның қауіпсіздігіне де нақты қатер төндіреді. «Қарасора-2025» іс-шарасы аясында профилактикалық жұмыстарға, атап айтқанда азаматтарға қарасора өсірудің қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін түсіндіруге ерекше көңіл бөлінеді», – деді, Алматы қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Алматы полициясы, есірткі айналымына қарсы күрес ішкі істер органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала беретінін еске салады.