$ 524.94  602.79  6.45
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жаңа заң банктерді бюджет есебінен құтқаруды тоқтатады – Елнұр Бейсенбаев

Парламент Мәжілісінде банк жүйесін жаңарту тетіктері талқыланды

Жаңа заң банктерді бюджет есебінен құтқаруды тоқтатады – Елнұр Бейсенбаев
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Парламент Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Қазақстанның банк жүйесі бірқатар жүйелі қиындыққа тап болып отырғанын айтып, жаңа заң жобалары осы проблемаларды шешуге бағытталғанын жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Парламент Мәжілісінің қабырғасында «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының бірінші оқылымы өтті.

Депутаттың пікірінше, Қазақстанның қаржы жүйесі тұрақтылығын қамтамасыз ету және қаржы тұтынушыларының құқығын қорғау бағытында шараларды қажет ететін бірқатар маңызды қиындыққа тап болып отыр.

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Банк заңнамасын реформалау тек ескірген нормаларды жаңартуға ғана емес, сонымен қатар банк секторының жалпы жұмыс тәсілі мен даму философиясын түбегейлі өзгертуге бағытталған, дейді ол.

«Ең өзекті әлеуметтік және экономикалық қауіптің бірі – халықтың шамадан тыс несиеленуі. Осы жылдың қыркүйек айындағы мәліметтерге сәйкес, халық пен бизнес субъектілерінің екінші деңгейлі банктер алдындағы жалпы қарызы 38,7 триллион теңгені құрады. Оның ішінде 24 триллион теңге жеке тұлғаларға берілген несие болса, олардың 70 пайызы тұтынушылық несиенің үлесіне тиесілі.

Микроқаржы ұйымдарына, ипотекалық компанияларға және өзге де квазимемлекеттік құрылымдарға берілген қарыздарды қоса алғанда, жалпы берешек шамамен 48 триллион теңгеге жетеді. Жылдың бірінші жартысында бұл мекемелерге берілген негізгі қарыз көлемі 3,8 еседен астам өсті. 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздар сомасы 1,1 триллион теңгені құрайды», – дейді депутат.

Сонымен қатар, 2009-2020 жылдар аралығында банктерді құтқару және сауықтыруға бөлінген мемлекеттік қаражаттың жалпы көлемі 8,2 триллион теңге деп бағаланғанын қозғап өтті. Бұл көмектің едәуір бөлігі ірі қаржы институттарын тұрақтандыру мен олардың проблемалық активтерін сатып алуға бағытталған.

«Осы жылдың басында Президент аталған қаражаттың қайтарылуын талап етті. Бүгінде бұл талапты үш банк (Halyk Bank, ForteBank және Bank CenterCredit) орындады.

Ресми статистикаға сәйкес, осы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Қазақстанның банк секторының жалпы активтері шамамен 65 триллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға артқан. Тек жылдың бірінші жартысының өзінде банктер 1,4 триллион теңге таза пайда тапқан.

Капиталдандыру деңгейі жоғары болғанымен, экономиканың нақты секторына салынған жалпы инвестициядағы банк несиелерінің үлесі әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Соңғы он жылда бұл көрсеткіш 9 пайыздан 3,5 пайызға дейін төмендеген. Бизнесті дамытуға салынатын негізгі инвестициялар екінші деңгейлі банктердің ұзақ мерзімді несиелерінен емес, компаниялардың меншікті қаражаты мен мемлекеттік қаржыландыру бағдарламалары есебінен жүзеге асуда», – дейді Бейсенбаев.

Сол сияқты азаматтардың келісімінсіз несие рәсімдеуге байланысты онлайн-алаяқтық бүгінде күрделі мәселеге айналғанын да қозғап өтті. Кейбір жағдайларда банктер өз клиенттерінің жеке деректерінің сатылуы мен таралуына жанама түрде себепкер болып отыр.

Нәтижесінде, банк жүйесі экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналудың орнына елдің қаржы жүйесіндегі өзекті мәселелердің біріне айналды, дейді ол.

«Қолданыстағы Банктер және банк қызметі туралы заңы осыдан 30 жыл бұрын қабылданды. Соңғы үш онжылдықта оған жүздеген түзету енгізіліп, бастапқы қағидаты айтарлықтай өзгерді, тіпті банктік лоббидің мүддесін көздейтін нормалар да қосылды.

Бүгінде заңның құрылымы мен терминологиясы ескіріп, банк секторындағы қазіргі үрдістерді, атап айтқанда, финтех пен қаржы экожүйелерінің қарқынды дамуын толық қамтымай отыр. Сонымен бірге, банк секторының қоғам алдындағы жауапкершілік деңгейі төмен болып келді, өйткені қолданыстағы заңнамада банктік қызметті тоқтату тәртібі нақты реттелмеген.

Қаралып отырған заң жобалары осы жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған. Мемлекет басшысы корпоративтік несие берудің жеткіліксіздігі, қаржы жүйесіне төнетін тәуекелдің артуы және жеке тұлғалардың шамадан тыс қарыз жүктемесі мәселесін түбегейлі шешу қажеттігін атап өтті. Бұл – президенттің осы саладағы жағдайға алаңдаушылық білдіргенінің айқын көрінісі», – деді мәжілісмен.

Осыған орай, жаңа заң жобасында банктерді бюджет қаражаты есебінен құтқару саясатының орнына алдын ала сауықтыру тетігі енгізіліп жатқанын тілге тиек етті. Енді қаржылық тұрақтандырудың негізгі ауыртпалығы салық төлеушілерге емес, банктердің акционерлеріне жүктеледі.

«Мемлекеттік көмек банктерге тек соңғы шара ретінде көрсетіледі. Егер мемлекет банктің үлесін алатын болса, бұрынғы акционерлер басқару құқығынан айырылады және дивидендтер төленбейді. Принцип айқын: «акционерлердің жауапкершілігі мен қаражатты бюджетке қайтару қамтамасыз етілмейінше, қолдау көрсетілмейді».

Сонымен қатар, мінез-құлықтық қадағалау тетігі енгізіледі – бұл банктердің клиенттерге деген қарым-қатынасын бақылау, әділетсіз тәжірибелер мен қызметтерді мәжбүрлеп ұсынуға тыйым салу. Біз бюджет қаражатының толық қайтарылуын, банк операцияларының ашықтығын, бәсекелестік ортаны дамытуды, цифрлық шешімдердің құқықтық мәртебесін айқындауды және рұқсатсыз жасалған транзакциялар үшін жауапкершілікті күшейтуді қамтамасыз етеміз.

Ең бастысы, банк ресурстарын экономиканы қаржыландыруға және қаржы технологиясын дамытуға белсенді тарту көзделіп отыр», – дейді ол.

Сөз арасында бірқатар сын-пікір айтылғанын, бұл «тыңдайтын мемлекет» қағидатының нақты көрінісі екенін, сол сияқты әріптестерінің айтқандары қоғамдағы пікірдің басым бағытын көрсететінін тілге тиек етті.

«Жалпы алғанда, реформалар дұрыс бағытта жүргізіліп жатыр. Бүгінде біз банк жүйесінің есептілігін арттырып, оның тұрақтылығын заң аясында нығайтып келеміз. Бұл тұрақтылық адал бақылау, жауапты меншік және қоғамдық сенім үйлесімінің нәтижесінде қалыптасады.

Біз тек дағдарыстың алдын алу ғана емес, бұрынғы қателіктің қайталануына жол бермеу жолын да қарастыруымыз қажет. Сонда ғана Қазақстанның қаржы жүйесі шын мәнінде тұрақты болып, азаматтардың сенімін ақтай аламыз.

Жаңа заң қаржы секторын тұрақты дамыту мен нығайтуға деген біздің берік ұстанымымызды айқын көрсетеді. Әрине, қоғамда түрлі пікірлер бар. Алайда біздің басты міндетіміз – қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету, себебі ол елдің экономикалық қауіпсіздігінің ажырамас бөлігі. Ең маңыздысы – салымшылардың, яғни азаматтарымыздың қаржылық қауіпсіздігі», – деді Елнұр Бейсенбаев.

Сонымен қатар, халықаралық қаржы ұйымдары мен рейтингтік агенттіктер Қазақстанның банк секторының жоғары капиталдандырылғанын және күрделі күйзелістер мен стресстік жағдайларға төзімді екенін атап өтті.

Банктердің кірістілік деңгейі де табиғи ресурстарға бай елдер арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып саналады, дейді.

«Бүгінде Қазақстан банк қызметін цифрландыруда, төлем жүйесін жетілдіруде және финтех шешімдерін енгізуде бірқатар іргелі іс атқарылып, аймақтық көшбасшы саналады. Бұл жетістіктер ел экономикасына күн сайын нақты пайда әкеліп отыр.

Сондықтан қазіргі қол жеткізілген нәтижелерді сақтай отырып, келесі маңызды міндет – әділ әрі заманауи банк жүйесін қалыптастыру. Біз банктерді шағын және орта бизнеске несие беруге және отандық кәсіпкерлікке инвестиция салуға ынталандыруымыз қажет. Бұл – қазіргі экономикалық қиындықтардың көпшілігіне жауап болмақ.

Мұндай тәсіл баршаға тиімді: экономика жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашады, ал банктер төлем қабілетті, сенімді клиенттік база қалыптастырады. Мемлекеттіліктің басты қағидаты – жаңадан құрудың орнына барын нығайту. Сондықтан, құрметті әріптестер, сіздерден осы заң жобасын қолдауды сұраймын», – деп Елнұр Бейсенбаев сөзін қорытындылады.

Серіктес жаңалықтары