$ 524.94  602.79  6.45
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Бет-жүзінде туабітті ақауы бар балаларға операция енді тегін жасалады – Асхат Аймағамбетов

Бұрын мұндай оталар жиі «эстетикалық» деп саналып, көп жағдайда қаржыландырылмайтын

Бет-жүзінде туабітті ақауы бар балаларға операция енді тегін жасалады – Асхат Аймағамбетов
Фото: istockphoto.com

Енді туабітті бет-жүз ақаулары бар балалар – ірі гемангиомалармен, тамырлық мальформациялармен, ерін мен таңдай жырығымен және басқа да айқын аномалиялармен туған балалар реконструктивті-косметикалық операцияларды мемлекет есебінен ала алады. Біз осындай бастама жасап, заңға тиісті түзету енгіздік. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, бұрын мұндай оталар жиі «эстетикалық» деп саналатын және көп жағдайда қаржыландырылмайтын. Сол себепті ата-аналар қаражатты өздері іздеуге мәжбүр болатын. Қосымша көмекті  көп жағдайларда «Қазақстан халқына» қоры көрсетіп келді.

«Шын мәнінде, мәселе сыртқы келбетте емес, баланың тыныс алуында, тамақтануында, көруінде және ең бастысы, оның психологиялық жағдайында болатын. Халықаралық тәжірибе де мұндай шешімдердің маңызын дәлелдейді.

Осындай бағдарламалар жыл сайын мыңдаған балаға еркін жымиып, қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік береді», – дейді ол.

Сөзін жалғай отырып, енді бұл мүмкіндік қазақстандық балаларда да бар екенін айрықша атап өтті.

«Бұл – жай ғана медициналық шара емес, бұл – адамның қадір-қасиетін қорғау, әлеуметтік әділдік және ең әлсіз жандарға деген қамқорлықтың көрінісі.

Ендігі басты міндет – осы норманың уәкілетті орган тарапынан нақты және тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету», – деді Асхат Аймағамбетов.

Серіктес жаңалықтары