38 млн шот бұғатталған: Мәжіліс депутаты қорғалатын әлеуметтік шот ашуды ұсынды (ВИДЕО)
Мәжіліс депутаты шоты бұғатталған азаматтардың мәселесін көтерді
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Темір Қырықпаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымоваға өндіріп алудан қорғалатын әлеуметтік шот енгізу бастамасы мен шоты бұғатталған азаматтарға арналған тәсілдер туралы сауалын қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Құрметті, Мәдина Ерасылқызы! Соңғы мәліметтерге сәйкес, елімізде шамамен 38 миллионнан астам шот бұғатталып тұр.
Мен азаматтардың ең төменгі табысын қорғау және өндіріп алушылар мен борышкерлер құқықтарының теңгерімді сақталуын қамтамасыз ету мақсатында заң жобасына қорғалған әлеуметтік шот немесе арнайы банктік шот ашу туралы ұсыныс бердім», – дейді депутат.
Ол өз сөзін жалғай отырып, мұндай шотқа айына 300 мың теңгеге дейінгі сомадағы түсімдерге өндіріп алу шаралары қолданылмайтынын айтып өтті.
«Сіз азаматтарға айына 300 мың теңгеге дейінгі сомада өндіріп алудан қорғалатын әлеуметтік шот енгізу бастамасына қалай қарайсыз және шоты бұғатталған азаматтар үшін сіздің агенттік қандай тәсілдер қарастыруда?» – деп депутат Мәдина Әбілқасымоваға сауалын жолдады.
Өз кезегінде Мәдина Әбілқасымова заң жобасы бойынша әрі қарай жұмыс істеу барысында депутат көтерген мәселені қарастыру туралы уәде берді.