Астанада алғашқы қар жауды: әкімдік қала тұрғындарына үндеу жасады
Қар күреу жұмысына 2,5 мыңға тарта жол жұмысшы жұмылдырылды
Астанада алғашқы қар жауды. Осыған байланысты әкімдік қала тұрғындарына үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, Астана қаласының коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Қар күреу жұмысына қаланың алты ауданында 900-ге жуық арнайы техника мен 2,5 мыңға тарта жол жұмысшы жұмылдырылған.
Алдымен негізгі магистральдар мен қоғамдық көлік жүретін орындар тазаланады. Кейін жұмыс аула ішілік аумақтарда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда жүргізіледі.
Жолдар мен жаяу жүргіншілер аймағына көктайғаққа қарсы реагенттер себіледі.
«Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарынан жолда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды және ауа райы нашарлаған кезде алыс сапарларға шықпауды сұрайды», – делінген хабарламада.