Астанада жауын суы ағатын коллекторлардан 34 тонна қоқыс алынды
Қалада 354 км коллекторлардың 134 км-і тазалауды қажет етеді

Көшелерді су басудан сақтау үшін әкімдік жауын суы ағатын кәріз салу және коллекторларды тазарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Иманов, Бараев, Ташенов көшелерінде нөсер кәрізі жүйесі қайта жөнделіп жатыр. Жөндеу 2021 жылы аяқталады.
«Бұл су басатын учаскелердің бірі. Ташенов көшесіндегі ұзындығы 530 метр болатын нөсерлі коллектор лай мен балшықтан тазартылды. 34 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Осының барлығы коллектордың жұмысын қиындатты. Ол толығымен бітеліп қалған. Тазалау жұмыстары жалғасады. Бұл жерде бұрын батпақ болған, қазір құрғап, нөсер ағындары жинағышының құрылысы жүріп жатыр. «Жастар» шағын ауданындағы жаңа құрылыстардың қуаты (Тәшенов және Амман көш. қиылысы) тәулігіне 42 мың текше метрден асады. Бұл тазалау құрылғылары Ташенов, Бараев, Уәлиханов, Иманбаев көшелері мен Республика даңғылын су басудан сақтайды», – деді «Elorda Eco System» ШЖҚ МКК бас директорының міндетін атқарушы Марсель Ұзақов.
Б.Момышұлы учаскесінде нөсер кәрізінің магистралды коллекторының құрылысы жүргізіліп жатыр. (Дауылпаз көшесінен басталып, Елім-ай көшесіне дейін жалғасады) Бұдан басқа, қалада коллекторлардың жалпы ұзындығы 354 км құрайды, олардың 134 км тазалауды қажет етеді. 2019 жылы Мыңжылдық аллеясы ауданында екі учаске бойынша нөсер кәрізі мәселесі шешілді.