Ұлытау облысында жоғалған ер адам табылды
Ол жылқы жаюға кетіп, үйіне оралмаған
Ұлытау облысында жоғалған ер адам табылып, Төтенше жағдайлар министрлігінің әуе кемесімен қауіпсіз жерге тасымалданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
1977 жылы туған ер адам мотоциклмен жылқы жаюға кетіп, үйіне оралмаған соң, туыстары дабыл қаққан.
«Хабар түскеннен кейін бірден құтқарушылар мен жергілікті тұрғындардың қатысуымен іздестіру-құтқару жұмыстары ұйымдастырылды. Іздеу барысында жоғары өтімді техника мен ұшақсыз ұшу аппараттары қолданылды», - деп жазылған хабарламада.
Қызылжар ауылынан 105 шақырым солтүстік бағытта жергілікті тұрғындар ер адамды тапты. Оған көмек көрсетіп, тасымалдау үшін ТЖМ тікұшағы, «Апат медицинасы орталығының» дәрігерлері мен құтқарушылары оқиға орнына аттанды.
Зардап шеккен адам шалғайдағы дала аймағынан тасымалданып, Жезқазған қаласындағы ауруханаға жеткізілді.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында Солнечный ауылынан аңшылыққа кеткен ағайынды екі ер адам жоғалып кеткен болатын.