Солтүстік Қазақстанда жас жігіт фермерді атып өлтірді
Жас жігіт кәсіпкердің үйіне жұмыс ақысын талап етуге барған
Солтүстік Қазақстан облысында жұмысшы мен кәсіпкер арасындағы ақша дауы адам өлімімен аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Qazaqstan Media-ға сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 31 қазанда кешке Тимирязев ауданы Докучаево ауылында болды.
WhatsApp желісіндегі тараған хабарламада 22 жастағы Вадим Орлов мас күйде «БурБат» ЖШС басшысы Азамат Батановтың үйіне барғаны айтылған.
«Жігіт істеген жұмысы үшін ақшасын талап еткен. Бірақ фермер далаға ақша емес, мылтық алып шығады. Шақырусыз келген қонақты қорқытпақ болса керек. Көкке қарата бір рет атады. Сол кезде мас жігіт қаруды тартып алып, Азамат Батановтың басынан және ішінен атқан. 52 жастағы кәсіпкер сол жерде көз жұмады», - деп жазды портал.
Серіктестік директорының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Күдікті қамауға алынды.
«Полиция 22 жастағы күдіктіні ұстады. Тимирязев ауданындағы Докучаево ауылының 52 жастағы тұрғынын өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», - деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қайғылы жаңалық бүкіл аймаққа тез тарады. Азамат Батановтың достары мен таныстары әлеуметтік желіде көңіл айтып жатыр. Олар оның үлкен жүректі азамат болғанын және аудан спортшыларына көмектескенін атап өтті.
Тимирязев ауданының әкімі Ерлан Жаров та көңіл айтты.
«БурБат» ЖШС басшысы Азамат Батанов 31 қазанда қаза болды. Азамат Есмағұлұлы Докучаево ауылында 1989 жылдан бері тұрды. Үйленген, екі баласы және бес немересі бар», - деп жазды әкім.
Айта кетері, «БурБат» ЖШС мал және егін шаруашылығымен айналысады.