$ 535.83  624.94  6.69
День конституции
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Қазір – каденцияның бел ортасы»: «AMANAT» Ақтөбе облысындағы сайлауалды бағдарламаның бақылауын күшейтті

Облыс әкімі негізгі бағыттар бойынша өңірде ауқымды жұмыс жүріп жатқанын айтқан 

«Қазір – каденцияның бел ортасы»: «AMANAT» Ақтөбе облысындағы сайлауалды бағдарламаның бақылауын күшейтті
Фото: партияның баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясы Ақтөбе облысында сайлауалды бағдарламаның жүзеге асырылу барысын бақылау жұмысын күшейтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. 

Үш жылда Ақтөбе облысында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында ауқымды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 2,1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, 17 мектеп салынды, 3 ауруханаға және 6 мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Биыл өңір экономикасына 600 млрд теңге инвестиция тартылды, металлургия, ауыл шаруашылығы және көлік саласында 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды, ауыл тұрғындарын таза сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 99,2%-ға жетті, 530 шақырымнан астам жол жөнделді.

Алайда қазір – каденцияның бел ортасы. Бұл дегеніміз – кестеде белгіленген меже мен мердігерлер үшін ақталып жатпай, «AMANAT» партиясының сайлауалды уәделері нақты нәтиже беретінін іспен дәлелдеу қажет.

Партия Хатшысы Ержан Жылқыбаев Ақтөбе облысы сайлауалды міндеттемелерді орындауда оң үрдіс көрсетіп отырғанын, алайда «AMANAT» партиясының міндеті – тек пайыздарды тіркеу ғана емес, азаматтарды толғандырған өзекті мәселелерді шешу екенін атап өтті.

«Облыс аумағында мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер салынып, зейнетақылар мен әлеуметтік жәрдемақыларды индекстеу жұмысы жүргізіліп жатқанын, жаңа жұмыс орындары ашылғанын көріп отырмыз. Сайлауалды бағдарламаның әр тармағына жауапты мәслихат депутаты бекітіліп, партиялық бақылау бекеттері құрылды. Соған қарамастан, партиялық бақылауды формалды жұмыс ретінде қабылдайтын адамдар бар. Анығында, партиялық бақылау – азаматтарды қорғау құралы. Бағдарламада қамтылған әр тармақтың артында адамдардың тағдыры тұр.  Әр депутат, әр әкім, әр мердігер осыны жіті түсінуге тиіс. Партиялық бақылау – жергілікті жерде күн сайын жүргізілетін жүйелі жұмыс. Егер біреу өз міндетін орындай алмайтын болса, онда партия тиісті қорытынды жасайды», – деді ол.

Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев бағдарламаның жүзеге асырылуын бақылау – формалды жұмыс емес, партияға деген сенімнің негізі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жергілікті жерлерде әр тармаққа жауапты нақты депутаттар бар. Олар оң өзгерістердің локомотивіне айналуы керек.

«Өкінішке қарай, бір қарын майды бір құмалақ шірітеді. Мәселен, бір жерде мектептің жобалау-сметалық құжаттамасын түзету жұмысы кешеуілдейді, ал енді бір жерде тас жол қабылдап алмай жатып бұзылады. Мұндай әрекеттерге жол беруге болмайды», – деді ол.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров барлық негізгі бағыт бойынша өңірде ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Жалпы, «AMANAT» партиясының өңірлік сайлауалды бағдарламасы аясында 2023-2024 жылдары 278 нысан салу және жөндеу көзделді. Қалған 30 жобаның 16-сы жыл соңына дейін аяқталады. Айта кетейін, сот процессі (4 жоба), РБ-дан уақтылы қаржы бөлінбеуі (11 жоба) және құжаттардың дайын болмауы (1 жоба) сынды негізгі себептерге байланысты, жобалар мерзімінде жүзеге асырылмауда. Қалған 14 жоба бойынша тиісті жұмыс жүргізіледі», – деді облыс басшысы.

«AMANAT» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Ербол Данағұловтың айтуынша, 2024 жылы 134 нысанның 110-ы пайдалануға берілді. Тағы 13 жоба жыл соңына дейін аяқталады. Бұған қоса, 11 жоба жүзеге асырылу сатысында. Олардың қатарында – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы желісі бойынша 7 мектеп, 5 медициналық пункт, Әйке ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Қарауылкелді ауылындағы өрт сөндіру депосы бар.

«Әр негізгі нысан бойынша нақты жоспар жасалып, тұрақты түрде бақылау жүргізіледі. Партиялық бақылау комиссияларының мүшелері сайлауалды бағдарламада қамтылған нысандарда 300-ден астам рейд жүргізді. Осы жұмыс қорытындысы бойынша, мемлекеттік органдарға 325 ұсыныс жолданды», – деді ол.

Солай бола тұра, Партиялық бақылау комитетіндегі жұмыс тобының мәліметінше, өңірде партиялық құрылымдар мен депутаттар тарапынан танытылған әрекетсіздік жағдайлары тіркелді. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы Шестихатка ауданында жол салу мерзімі мен технологиясы бұзылды. Бұл туралы жергілікті тұрғындар да бірнеше рет атап өтіп, БАҚ-та да жарияланды. Алайда партиялық бақылау бекеті уақтылы ешқандай шара қабылдамады. Осындай жағдай Құмтоғай ауылындағы кіреберіс жолды жөндеу барысында да тіркелді. Онда техникалық қадағалау қызметі жол негізінің нашар тығыздалуына байланысты, орындалған жұмыс актісіне қол қоюдан бас тартты. Соған қарамастан, жұмыс жалғасын тапты.

Тағы бір айқын мысал – Кеңқияқ ауылында салына бастаған 600 орындық мектеп. Онда техникалық қадағалау қызметі қабырғадағы жарықтар мен темірбетон конструкцияларының бұзылуын тіркеді. Осыған байланысты, жұмысты тоқтатуға тура келді. Дегенмен, жобаға жауапты депутаттар немесе партиялық бақылау бекетінің мүшелері емес, жергілікті тұрғындар бірінші болып дабыл қақты.

Байжанкөл ауылындағы медициналық пункт, Тәуіптегі дәрігерлік амбулатория және Бестамақтағы медициналық пункт нысандарында жүргізілген күрделі жөндеу жұмысына қатысты да бірқатар сұрақ бар. Осы үш ғимарат 1983 жылы саман блоктардан тұрғызылған және жөндеуге жатпайды. Отырысқа қатысушылар атап өткендей, мұндай нысандар сайлауалды бағдарламаға «күрделі жөндеу» ретінде мүлдем енгізілмеуі керек. Оларды бұзып, қайта салу керек.

Отырыс қорытындысы бойынша, Комитет мүшелері депутаттар мен атқарушы орган басшыларының сайлауалды бағдарламаның тармақтарын орындаудағы дербес жауапкершілігін күшейтуді, партиялық бақылау бекеттерінің жұмысын жандандыруды және барлық жоба бойынша түзетулердің ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды.

Серіктес жаңалықтары