Алатауда алғашқы 5G станциясы іске қосылды
Жаңа станция желінің өткізу қабілетін арттырады
Алматы облысындағы Алатау қаласында бесінші буын (5G) желісінің алғашқы базалық станциясы іске қосылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство өкілдері Алатау қаласы әкімдігі және байланыс операторларымен бірге «Заречный» және «Жетіген» шағын аудандарына, сондай-ақ «Алматы–Қонаев» автожолына барды.
«Сапар аясында "Мобайл Телеком-Сервис» компаниясының бесінші буын (5G) желісінің алғашқы базалық станциясы іске қосылды. Жаңа станция желінің өткізу қабілетін арттырып, пайдаланушыларға жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізуге мүмкіндік береді», - деп жазылған хабарламада.
Алатау қаласы әкімдігінде телекоммуникация инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланған кеңес өтті. Кездесуде жыл соңына дейін Алатау қаласындағы барлық мектеп жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылатыны айтылды
Жиын қорытындысы бойынша 2025–2027 жылдарға арналған Алатау қаласын сапалы мобильді байланыс және интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасына қол қойылды. Құжатта байланыс желілерін кезең-кезеңімен жаңғырту, жаңа инфрақұрылым салу, сондай-ақ әлеуметтік және білім беру нысандарын жоғары жылдамдықты интернетке қосу шаралары көзделген.