Пранк жасау үшін «қыз алып қашқан» блогерлер жауапқа тартылды
Блогерлердің кінәсі бейнежазбамен және басқа да материалдармен толық дәлелденді
Атырауда пранк жасау мақсатында «қыз алып қашқан» блогерлер жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының мәліметінше үш блогерге "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша айып тағылған.
«Олар 2025 жылғы 14 қазанда Атырау қаласындағы дәмхананың алдында, қоғамдық орында қоғамдық тәртіпті бұзып, алдау-қалжың (пранк) бейнежазбасын түсіру мақсатында қызды күштеп көлік құралына отырғызып, жеке тұлғалардың тыныштығын бұзып, аұсақ бұзақылық жасаған», - деп жазылған хабарламада.
Блогерлердің кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалармен, фотосуретпен, бейнежазбамен және басқа да материалдармен толық дәлелденді.
«Сот үкімімен құқық бұзушылар әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 78 640 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды», - деп атап өтті сот.
Айта кетері, ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінің санкциясында 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе 20 сағаттан 60 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 5-тен 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Сот қаулылары заңды күшіне енген жоқ.