$ 537.84  626.85  6.79
День конституции
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

БҚО-да халықтан 89 млн теңге сыпырып алған Imrat Group пирамидасының былығы әшкере болды

Алаяқтар азаматтарға күнделікті 0,5%-дан 1,5%-ға дейін «жоғары табыс» уәде еткен

БҚО-да халықтан 89 млн теңге сыпырып алған Imrat Group пирамидасының былығы әшкере болды
Фото: Telegram/АФМ Channel/Видеодан скриншот

Батыс Қазақстан облысында Imrat Group қаржы пирамидасының былығы әшкере болды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Канаданың, Гонконг пен Ұлыбританияның атынан тіркелген жалған халықаралық инвестициялық компания ретінде жасырынып, алаяқтар азаматтарға күнделікті 0,5%-дан 1,5%-ға дейін «жоғары табыс» уәде еткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қатысу үшін азаматтар арнайы реферальды сілтеме арқылы тіркеліп, криптовалюта әмиянына 20-дан 10 мың АҚШ долларына дейін (USDT баламасында) қаражат аударуы қажет болған.

Алайда шын мәнінде, салымдар тек пирамида ішіндегі қатысушылар арасында қайта бөлініп отырған – төлемдер жаңадан тартылған қаражат есебінен жүргізілген.

«Қатысушыларды тарту мақсатында күдіктілер заңды инвестициялық қызмет түрінде көрсету үшін белсенді жарнама жүргізіп, кеңселер жалдап, түрлі презентациялар мен конференциялар ұйымдастырған. Сондай-ақ, Telegram-арна ашып, онда тұрақты түрде жоғары табыс пен инвестициялардың қауіпсіздігін насихаттайтын бейнематериалдар жариялап отырған.

Заңсыз қызмет дер кезінде тоқтатылғанының арқасында пирамидаға барлығы 30 азамат тартылған. Олардың салған қаражаты 89 млн теңгеден асады», – делінген ҚМА хабарламасында.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Қаржылық мониторинг агенттігі қаржы пирамидаларының жолын кесу және оларды анықтау бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.

2025 жылдың басынан бері:

  • 31 қаржы пирамидасына қатысты 90 сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды;
  • 7 млрд теңге көлемінде залал өтелді;
  • жалған инвестициялық жобалар туралы ақпарат таратқан 14 мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталды;
  • Instagram мен Telegram платформаларында 535 мыңға жуық қатысушысы бар 100-ден астам заңсыз чаттар жабылды.

ҚМА өз сайтында қаржы пирамидаларының тізімі жарияланғаны, сол сияқты қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» Telegram-боты іске қосулы екенін мәлім етті.

Серіктес жаңалықтары