Ақтөбе облысында мектеп оқушысы босанды: министрлік оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады
Күдікті ретінде 60 жастағы ер адам ұсталып, қамауға алынды

Ақтөбе облысында болған оқиғаға қатысты Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта оқушы мен сәбидің денсаулық жағдайы тұрақты.
«Жасөспірімге қажетті психологиялық көмек көрсетілді. Оқиға бойынша тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жағдай кәмелетке толмағанның мүдделерін қорғау мақсатында өңірлік балалар құқықтары жөніндегі уәкілдің бақылауында», – делінген Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің хабарламасында.
Айта кетейік, осыған дейін Ақтөбе облысының Ойыл ауданында тоғызыншы сыныпта оқитын қыз бала мектепте босанып қала жаздағаны туралы хабарланған болатын. Оқушының мұндай жағдайға ұшырауына басты күдікті ретінде 60 жастағы ер адам ұсталып, қамауға алынды.