«Жасыл Даму» компаниясы ұлттық оператор мәртебесін алуы мүмкін
Мұндай мәртебе компанияға елдегі қалдықтарды бақылайтындай құзірет береді

«AMANAT» партиясының экология мәселелері жөніндегі кеңесінің отырысында «Жасыл даму» операторының жұмыс істеу тиімділігіне қатысты мәселе талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс депутаты Бауыржан Смағұлов экологиялық саясат пен қалдықтарды өңдеу жүйесінде ашықтық пен тиімділікті күшейту қажеттігін айтты.
Экологиялық кеңесте сөйлеген депутаттың айтуынша, саланың негізгі проблемалары жинақталған қаражаттың тиімсіз пайдаланылуы, экология операторларының жабық жұмыс істеуі және қалдықтарды өңдеу деңгейінің төмендігі.
«Ресми мәліметтер бойынша, Қазақстанда жыл сайын шамамен 5 миллион тонна тұрмыстық қалдық түзіледі. Оның тек 26 пайызы ғана өңделеді, оның өзінде де көбінесе үстірт сұрыптау арқылы. Ал өнеркәсіптік қалдықтардың жыл сайынғы көлемі 1 миллиард тоннадан асады, оның небәрі 11 пайызы қайта өңделеді», – деді Смағұлов.
Депутат экологиялық бастамаларда айқын стратегияның болмауы, қаражаттың мақсатсыз жұмсалуы және қоғамдық бақылаудың әлсіздігі ел азаматтарының сынына себеп болып отырғанын атап өтті.
«Жасыл Даму» операторына қатысты сын көп. Ұйымның жұмысы ресми түрде ашық деп жарияланғанымен, іс жүзінде қоғам тарапынан бақылау шектеулі. Бұл сенімге нұқсан келтіреді», – деді ол
Сонымен қатар Смағұлов экологиялық кодекс пен радиоактивті қалдықтар туралы заң жобасын талқылау кезінде сарапшылар мен қоғам өкілдерін белсенді қатысуға шақырды.
«Барлық шешімдерді бірлесе қабылдауымыз керек. Егер бұл мәселелер заңнамалық деңгейде реттелмесе, экологиялық проблемалар шешілмей қала береді», – деді депутат.
Ал депутат Сергей Пономарев елімізде әзірленіп жатқан Қалдықтарды басқару тұжырымдамасына қатысты нақты сұрақ қойды. Ол құжат 2025 жылы күшіне енеді деген жоспар бар. Пономаревтің айтуынша, жаңа тұжырымдама аясында экологиялық саясаттың тиімді іске асуы үшін жауапты ұйымдардың рөлі мен міндеті нақты белгіленуі тиіс.
«Қазір қалдықтарды басқару тұжырымдамасы дайындалып жатыр. Ол 2025 жылы күшіне енеді. Осы құжат аясында «Жасыл даму» акционерлік қоғамының нақты үйлестіруші және операциялық рөлі қандай болады? Компанияға Ұлттық оператор мәртебесін беру жоспарланып отыр ма? Сондай-ақ, оның қызметінде ашықтық, цифрлық мониторинг және қоғамдық қатысу принциптері міндетті түрде енгізіле ме?» – деп сұрады депутат.
Пономарев экологиялық салада қоғам сенімін арттыру үшін цифрлық бақылау жүйесін енгізу және ақпараттың ашық болуын қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл шаралар экологиялық жобалардың орындалуын бақылауға және қаражаттың мақсатты жұмсалуына мүмкіндік береді.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев бұл сұраққа жауап бере отырып, қазіргі тұжырымдамада мұндай норма нақты қарастырылғанын айтты.
«Біз қазір тұжырымдаманы мемлекеттік органдармен келісу сатысынан өткізіп жатырмыз. Құжат өте кең талқыланды, оған бизнес өкілдері мен халықаралық сарапшылар да қатысты. Талдау нәтижесінде елімізде барлық қалдық түрі бойынша нақты және толық деректердің жоқ екені анықталды. Сондықтан тұжырымдама аясында ең алдымен барлық қалдық түрін толық инвентаризациялау және оларды заңдастыру (легализациялау) міндеті қойылған», – деді вице-министр.
Әлиевтің айтуынша, жаңа тұжырымдама қалдықтардың бүкіл өмірлік циклі, яғни пайда болуынан бастап тасымалдау, қайта өңдеу және көмуге дейінгі жолды бақылауға мүмкіндік береді.
«Бүгінде біз бұл тізбекті толық көре алмаймыз. Әр салада өз базасы бар, бірақ бірыңғай жүйе жоқ. Сол себепті біз «Жасыл Даму» компаниясына ұлттық оператор мәртебесін беру ұсынысын енгізіп отырмыз. Бұл тұжырымдаманың негізгі бөлігі», – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, мұндай мәртебе компанияға елдегі қалдықтар айналымын орталықтандырылған түрде басқаруға, сондай-ақ ашықтық пен цифрлық бақылауды енгізуге мүмкіндік береді.
«Инвентаризация мен жүйелеу жұмысы өте ауқымды және қымбат процесс. Сондықтан барлық мемлекеттік органды тарта отырып, осы функцияны бір орталыққа шоғырландыру қажет. «Жасыл Даму» дәл осындай оператор болуға дайын. Бұл шешім еліміздегі қалдықтар туралы толық картинаны көруге және тиісті тетіктер арқылы тиімді басқаруға жол ашады», – деп нақтылады Әлиев.
Ол сонымен қатар тұжырымдаманы үкіметке жақын арада бекітуге жіберілетінін, ал экономика министрлігі құжатты дербес бағдарлама ретінде қолдап отырғанын айтты.
«Біздің мақсат барлық қалдық түрін есепке алу, олардың қозғалысын қадағалау және бизнеске айқын ережелер ұсыну. Қалдықтарды қайта өңдеу экономиканың нақты секторын күшейтетін маңызды бағыт. Бұл салық, жаңа жұмыс орындары мен инвестиция түрінде мультипликативті әсер береді», – деп қорытындылады вице-министр.