«Қайрат» VS «Реал»: алыпсатарларға қатысты екі қылмыстық іс тіркелген
Қазір тергеу жүріп жатыр

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматыда өткен «Реал Мадрид» - «Қайрат» ойыны кезінде алыпсатарлықпен айналысқандар жайлы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біз алыпсатарлармен және алаяқтармен жүйелі түрде күрес жүргіземіз. Кейде кінәлілер жазадан құтылып кетуі мүмкін, бірақ біздің принцип айқын: қылмыс жасалды ма, оның түбіне дейін жетеміз», - деді Сәденов.
ІІМ басшысы Алматыда футбол кезінде болған алыпсатарлыққа қатысты екі қылмыс тіркелгенін айтты.
«Алматыда екі арыз түсті. Сол бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Бұл жағдайлар қоғамда резонанс тудырды, біз мәселені бақылауда ұстап отырмыз», - деді ол.
Еске салсақ, «Қайрат» пен «Реал» арасындағы ойынның билетін эстрада жұлдыздары Сәкен Майғазиев пен Нұрлан Еспановтың ұлдары да алып сатқан.