Онлайн несие айналасындағы алаяқтыққа банк қызметкерлері де қатысып отыр – Әбенов
Депутат маңызды мәселе қозғаған

Онлайн несиелерге қатысты алаяқтық оқиғалары жылдан жылға көбейіп келеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов үкімет сағатында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy..
Депутаттың айтуынша, қазір көп азамат өз атына онлайн несие рәсімделіп кеткеніне шағымданады. Ол мұндай істерде тек сыртқы алаяқтар ғана емес, банктердің өз қызметкерлері де рөл ойнайтынын атап өтті.
«Кеше маған отызға жуық адам жүгінді. Бір сағат ішінде бес банк жеті несие рәсімдеп үлгерген жағдайлар бар. Тергеу барысында кей банктерде несиені рәсімдеген менеджерлер өз карточкаларына 2 пайыз мөлшерінде қаражат алып отырғаны анықталды», - деді Әбенов.
Оның айтуынша, қазіргі кезде құқық қорғау органдары көбіне «беймәлім онлайн-алаяқтарды» іздеумен айналысады, ал нақты жауапкершілік банктердің өздеріне жүктелмей отыр.
«Менің ұсынысым мұндай істерде жәбірленуші ретінде азаматтарды емес, банктердің өзін тану керек. Сонда қаржы ұйымдары өз жүйесін қорғауға және мұндай қылмыстардың алдын алуға мүдделі болады. Сол кезде онлайн несиеге қатысты алаяқтық азаяды», - деді депутат.
Сонымен қатар, Мұрат Әбенов Марат Бәшімовпен бірге онлайн несиелерге қатысты алаяқтық әрекеттерді қылмыс санатына енгізу жөнінде заң жобасына түзетулер енгізгенін хабарлады.