Павлодарда халат киіп, сноубордпен сырғанаған ер адам полицияның қаһарына ұшырады (ВИДЕО)
Ол жол ережесін өрескел бұзған

Павлодар облысында халат киіп алып, сноубордпен сырғанап жүрген ер адам айыппұл арқалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Павлодар облысының полицейлері әлеуметтік желілерге күнделікті мониторинг жүргізу барысында құқыққа қайшы әрекеттерді, соның ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін анықтайды.
«Павлодар қаласында ер адам көлікке байланған арқанды ұстап, сноубордпен жүріп өткен. Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдігін немесе мотоцикл шлемін пайдалану талаптарын сақтамағаны үшін көлік жүргізушісіне қатысты әкімшілік материал толтырылды. Сондай-ақ жол жүру ережесін бұзғаны үшін «экстрим сүйгіш» азамат та жауапкершілікке тартылды.
Полиция жол қозғалысына қатысушыларға қауіпсіздік – ең алдымен өз жауапкершілігіңіз екенін ескертеді. Жол жүру ережелерін елемеу ауыр және қайғылы салдарға әкелуі мүмкін», – деп хабарлады Павлодар облысының Полиция департаменті.